Ерлен Бекмұхаев: «Халықаралық тәжірибе жаңа деңгейге көтерілуге көмектеседі»

Ерлен Бекмұхаев: «Халықаралық тәжірибе жаңа деңгейге көтерілуге көмектеседі»

20 сәуір 2026, 16:29
ҚФФ U-17 академиясының бас бапкері Ерлен Бекмұхаев Ньонда өткен UEFA Pro тәжірибе алмасу бағдарламасына қатысуы туралы айтып, негізгі ойын бөлісіп, алған білімін жұмыста қалай қолдануды жоспарлап отырғанын жеткізді.

– Ньондағы UEFA Pro тәжірибе алмасу бағдарламасына қатысуыңызды қалай бағалайсыз?

– Жалпы алғанда, Ньон қаласында өткен UEFA Pro тәжірибе алмасу бағдарламасына қатысуымды өте жоғары деңгейде бағалаймын. 3 күндік тәжірибе алмасу өте қызықты әрі пайдалы өтті. Әр спикердің тарапынан өзекті, заманауи және тәжірибеге негізделген ақпарат алдық. Бұл бағдарлама маған тек теориялық емес, практикалық тұрғыдан да үлкен серпін берді.

– Тренинг барысында жетекші жаттықтырушылардың қандай идеясы сіз үшін маңызды жаңалық болды?

– Тренинг барысында Шон Дайч пен Анже Постекоглу ұсынған идеялардың ішінде ең маңыздысы – бапкер жұмысының 24/7 режимде жүретіні және ойын философиясын футболшыларға дұрыс жеткізу тәсілдері болды. Олар нақты күнделікті жұмыста кездесетін жағдайларды басқару, ойыншылармен қарым-қатынас орнату және шешім қабылдау мәдениеті туралы ойлары мен үшін құнды ақпарат болды.

– Іс-шараға қатысқан басқа елдерден келген әріптестеріңіздің қандай тәсілі біздің қазіргі жағдайымызға ең қолайлы?

– Іс-шараға қатысқан Финляндия, Шотландия және басқа елдерден келген әріптестердің тәжірибесі де назар аудартты. Әсіресе, олардың қарапайымдылыққа негізделген, бірақ жүйелі жұмыс тәсілі біздің қазіргі жағдайымызға ең қолайлы деп ойлаймын. Көп жағдайда олар ойыншылармен ашық коммуникация орнатып, тәртіп пен сенімді қатар ұстайды. Бұл тәсіл біздің футбол жүйесіне де тиімді енгізілуі мүмкін.

– Осы бағдарламадан кейін ҚФФ академиясындағы жұмысыңызда қандай идеяларды немесе құралдарды қолдануды жоспарлап отырсыз?

– Осы бағдарламадан кейін Қазақстан футбол федерациясы академиясындағы жұмысымда бірнеше нақты бағытты дамытуды жоспарлап отырмын. Атап айтқанда, ойыншылармен жеке жұмыс сапасын арттыру, командалық коммуникацияны жақсарту және жаттығу үдерісінде заманауи әдістерді енгізу. Сонымен қатар, алынған тәжірибені күнделікті жаттығу барысында қолдану арқылы ойыншылардың дамуын жаңа деңгейге көтеруді мақсат етемін.

– Мұндай бастамаларға қатысу Қазақстандағы жаттықтырушылық білім берудің дамуына қалай әсер етеді?

– Мұндай халықаралық бастамаларға қатысу Қазақстандағы жаттықтырушылық білім беру жүйесіне өте оң әсер етеді. Әсіресе, Қазақстан футбол федерациясы аясында жұмыс істейтін мамандар үшін бұл жаңа білім мен тәжірибе алмасудың маңызды алаңы. Осындай бағдарламалар отандық бапкерлердің кәсіби деңгейін арттырып, Еуропа стандарттарына жақындауына мүмкіндік береді.

Бөлісу
Жоғары