Қазақстанда алғаш рет киберспорттан eKPL Гранд-финалы өтті

Қазақстанда алғаш рет киберспорттан eKPL Гранд-финалы өтті

19 сәуір 2026, 20:00
Қарағанды қаласындағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында Қазақстандағы алғашқы ресми ұлттық киберфутбол лигасы eKPL турнирінің бірінші маусымының гранд-финалы өтті.

Маусым үш кезеңнен тұрды: клуб арасында іріктеу, онлайн-чемпионат және Қарағандыда өткен шешуші LAN-финал. Финалдық кезеңге Қазақстанның сегіз клубының үздік өкілдері жолдама алды. Олар: «Шахтёр», «Қайрат», «Ұлытау», «Ертіс», «Атырау», «Қайсар», «Астана» және «Жеңіс». Барлық матчтар плей-офф жүйесінде, BO1 форматында және әр тайм 9 минуттан ойнады.

Үшінші орын үшін өткен кездесуде «Ұлытау» клубының өкілі Әмір Желкібаев «Жеңіс» клубының ойыншысын жеңіп, қола жүлдегер атанды. Ал гранд-финалда «Қайрат» клубының намысын қорғаған Олжас Есентаев пен «Шахтёр» ойыншысы Данияр Шарабадин чемпиондық атақты сарапқа салды. Нәтижесінде қарағандылық киберспортшы жеңіске жетіп, халықаралық eChampions League турниріне жолдама алды. Ол Қазақстан намысын мамыр айында Англияда қорғайды.

– Баршаңызға құттықтауларыңыз үшін үлкен рақмет. Финал өте қиын өтті — бұл менің өмірімдегі ең ауыр ойындардың бірі болды. Шынын айтсам, финалда өз деңгейімде ойнай алмадым. Соған қарамастан, жеңіс маған бұйыратынын сездім.

Біз әр қарсыласымызды алдын ала зерттеп, соған сай дайындаламыз. Мұндай ойын болатынын да болжап едім. Негізі бұл кездесу оңай өтуі керек еді, алайда қобалжудың әсерінен қиындыққа тап болып, 3:2 есебімен әрең жеңіске жеттім.

Алдағы халықаралық турнир мүлде басқа деңгейде өтеді. Қазірдің өзінде оған толық дайын емеспін деп айта аламын. Дегенмен, алда екі ай уақыт бар. Құдай қаласа, осы аралықта Еуропада жаттығып, жоғары деңгейде дайындалуға тырысамын.

Осындай мүмкіндікті ұйымдастырып берген федерацияға үлкен алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, командамыздың жетекшілері Евгения мен Айдынға ерекше рақмет айтқым келеді. Олардың қолдауы біз үшін өте маңызды, - деді Данияр Шарабадин.

Қазақстан футбол федерациясы бұл жобаны отандық футболды дамытудың жаңа бағыты ретінде қарастырады. Киберфутбол – заманауи технологиялар мен дәстүрлі спорттың тоғысқан нүктесі. Бұл бағыт жастарды тартуға, жаңа аудитория қалыптастыруға және футбол экожүйесін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бөлісу
Жоғары