Шымкентте әйел төрешілерге арналған оқу-жаттығу жиыны өтуде
Жиын 6 сәуірде басталып, 18 сәуірге дейін жалғасады. Оқу-жаттығу жұмыстарына ҚФФ әйелдер жарыстарының төрешілігіне жауапты нұсқаушы Эльвира Нұрмұстафина жетекшілік етуде.
Жиын барысында әйел төрешілерді алдағы маусымға даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. Бағдарлама физикалық дайындық сабақтарын, теориялық сессияларды, сондай-ақ УЕФА-ның бейнематериалдары, оның ішінде әйелдер арасындағы Еуропа чемпионатының ойындары негізінде талдауларды қамтиды. Сонымен қатар, жасөспірімдер командаларының ойындарын іс жүзінде төрелік ету тәжірибесі де қарастырылған.
Оқу-жаттығу жиынына ФИФА төрешісінің көмекшісі және ерлер арасындағы Премьер-лиганың төрешісі Наргис Мағау арнайы шақырылды. Ол қатысушылармен өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, төрешілік жолы мен мансабындағы маңызды кезеңдер туралы айтып берді.
Жиын аяқталғаннан кейін төрешілер ҚФФ аясында өтетін барлық жас санатындағы әйелдер командалары арасындағы жарыстарға, соның ішінде Қазақстанның әйелдер арасындағы чемпионатының ойындарына төрелік етеді.