ФИФА және УЕФА сарапшылары Қазақстандағы алғашқы скаутинг семинарына баға берді

ФИФА және УЕФА сарапшылары Қазақстандағы алғашқы скаутинг семинарына баға берді

16 сәуір 2026, 18:20
Қазақстанда алғаш рет халықаралық сарапшылар мен өңірлік клуб өкілдерінің қатысуымен скаутинг бойынша арнайы оқу семинары өтуде.

Білім беру бағдарламасы дарынды ойыншыларды іздеу және іріктеу бағытында жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған. Қатысушылар скаутингтің заманауи тәсілдерін меңгеріп, футболшыларды бағалау әдістерін талқылауда, сондай-ақ қазақстандық футболды дамытуға қажетті ойын стилі мен ойыншы профилі бойынша ортақ түсінік қалыптастыруда.

Семинардың маңызды ерекшелігі – теория мен практиканы ұштастыру. Дәрістерден кейін қатысушылар «Жалын» турнирінің матчтарын тамашалап, алған білімдерін іс жүзінде қолдануда: ойынға талдау жасап, әлеуеті жоғары футболшыларды анықтайды.

ФИФА-ның таланттарды анықтау және скаутинг жөніндегі сарапшысы Стив Марроу атқарылып жатқан жұмыстың маңыздылығын атап өтті:

«Бұл – федерация үшін өте маңызды әрі ауқымды қадам. Әсіресе ерте жаста таланттарды анықтауға басымдық беру – болашақта ұлттық құрамалардың деңгейін көтерудің негізгі факторы. Егер біз талантты дер кезінде дұрыс анықтай алсақ, оның нәтижесін алдағы жылдары көреміз».

УЕФА-ның элиталық жасөспірімдер футболы жөніндегі маманы Роджер Мейхтри қатысушылардың қызығушылығы жоғары екенін айтты:

«Мұнда көптеген маңызды тақырыптар талқыланып жатыр, қатысушылар жаңа скаутинг жүйесін үйренуге үлкен ынта танытуда. Қандай ойыншыларды іздеп жатқаныңызды және қандай футбол ойнағыңыз келетінін нақты түсіну өте маңызды. Сонымен қатар, әртүрлі өңірлердегі мамандардың бір бағытта жұмыс істеуі және футболды дамытуға ортақ көзқарас қалыптастыруы аса қажет».

Өз пікірлерін клуб өкілдері де білдірді. «Атырау» футбол орталығының жетекшісі Қуаныш Қабдулов турнирдің практикалық маңызын атап өтті:

«Біз «Жалын» турнирінің ойындарын бақылап, әртүрлі өңірлерден талантты ойыншыларды анықтауды үйреніп жатырмыз. Басты мақсатымыз – әлеуеті жоғары футболшыларды тауып, оларды ұлттық құрама деңгейіне дейін жеткізу».

«Қызылжар» әйелдер футбол командасының бас бапкері Мадияр Кембілов бұл бастаманың маңыздылығына тоқталды:

«Қазақстанда алғаш рет скаутингке арналған семинардың өткізілуі – өте дұрыс шешім. ФИФА өкілі Стив Марроуға Қазақстанға келіп, өз тәжірибесімен бөліскені үшін алғыс білдіремін».

Бөлісу
Жоғары