Шымкентте ҚФФ-ның скаутинг бойынша алғашқы оқу семинары аяқталды

Шымкентте ҚФФ-ның скаутинг бойынша алғашқы оқу семинары аяқталды

17 сәуір 2026, 11:40
Шымкент қаласында 13–16 сәуір аралығында өткен, Қазақстандағы алғашқы скаутингке арналған оқу семинары өз мәресіне жетті. Семинар U-14 жасөспірімдер командалары арасындағы «Жалын» республикалық турнирі аясында ұйымдастырылды.

Білім беру бағдарламасы таланттарды іздеу және анықтау бағытында жұмыс істейтін бастапқы деңгейдегі (Level III) мамандарды даярлауға арналды. Семинарға еліміздің түрлі өңірлерінен келген 25-тен астам жаттықтырушылар мен футбол ұйымдарының өкілдері қатысты.

Шақырылған сарапшылар қатарында ФИФА-ның таланттарды анықтау және скаутинг жөніндегі маманы Стив Марроу мен УЕФА-ның элиталық жасөспірімдер футболы жөніндегі маманы Роджер Мейхтри болды. Олар қатысушылармен халықаралық тәжірибесімен бөлісіп, жас ойыншылармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін таныстырды.

Семинар бағдарламасы теориялық және практикалық сабақтарды қамтып, әлеуеті жоғары футболшыларды талдау, іріктеу және бағалау дағдыларын дамытуға бағытталды. Ерекше назар білімді нақты ойын жағдайында қолдануға аударылды – практикалық бөлім «Жалын» турнирінің матчтары барысында өтті.

Оқу қорытындысы бойынша қатысушылар курсты сәтті аяқтап, бастапқы үшінші деңгейдегі (Level III) скаут дипломдарына ие болды. Бұл Қазақстанда скаутингтің бірыңғай жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

Бөлісу
Жоғары