ҚФФ президенті Марат Омаров футзалдан «Келешек мектептері» республикалық турнирінің жеңімпаздарын марапаттады
Білім беру сапасын арттыруға бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылды. Осы жоба аясында өткен турнирге еліміздің 20 өңірінен келген командалар бақ сынады. Бүгін финалдық ойындары өтіп, жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды.
Турнир қорытындысы бойынша Астана құрамасы жеңімпаз атанса, Қызылорда қаласының «Келешек мектебі» командасы екінші орынды иеленді. Ал үздік үштікті Түркістан командасы түйіндеді.
Марапаттау рәсіміне ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров қатысты. ҚФФ президенті жас спортшылардың өнерін жоғары бағалап, балалар спортының маңызын атап өтті.
«Құрметті оқушылар! Баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіремін. Бүгін сіздер тартысты әрі әдемі ойын көрсетіп, нағыз спорттық мінез бен командалық рухтың үлгісін таныттыңыздар.
Осындай жарыстар жас спортшыларға тәжірибе жинап, өз мүмкіндіктерін көрсетуге мүмкіндік береді. Бүгінгі ойындарыңыз – болашақ үлкен жетістіктердің бастамасы.
Қазақстан футбол федерациясы мектеп футболын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Алдағы уақытта да осындай турнирлерді тұрақты түрде өткізу жоспарымызда бар. Басты мақсатымыз – балалардың спортпен айналысуына жағдай жасап, олардың жан-жақты дамуына үлес қосу», – деді Марат Омаров.
Аталған турнир мектептердегі бұқаралық спортты дамытуға, футзалды насихаттауға және оқушылардың спорттық белсенділігін арттыруға бағытталған.