Сергей Кенетаев: «Басты мақсат – елдегі балалар мен жасөспірімдер футболын жүйелі дамыту»

Сергей Кенетаев: «Басты мақсат – елдегі балалар мен жасөспірімдер футболын жүйелі дамыту»

20 сәуір 2026, 10:49
Қазақстан футбол федерациясының Балалар/жасөспірімдер және әйелдер футболы жарыстарын өткізу дирекциясының директоры Сергей Кенетаев балалар мен жасөспірімдер командалары арасындағы футбол маусымының басталуы туралы ойымен бөлісті.

— Сергей Мельсович, төрт бірдей маусымалды республикалық турнир аяқталды. Жарыстардың биылғы ұйымдастырылуына қандай баға бересіз?

— Жалпы алғанда, біз өте ризамыз. Барлық төрт турнир жоғары деңгейде өтті. Біз сапалы жарыс үрдісін қамтамасыз етіп, ең бастысы – жас футболшыларға қолайлы жағдай жасай алдық. Командалардың дайындығы артқанын көріп отырмыз, ал бұл турнирлер – балалар мен жасөспірімдер футболының дамуының маңызды кезеңіне айналып келеді.

— Қандай турнирлер өткенін және олардың мерзімін қысқаша еске салып өтсеңіз?

— Әрине. Алғашқы турнир «Арман» деп аталады – 2010 жылы туған ойыншылар арасында 21 ақпан мен 4 наурыз аралығында өтті. Одан кейін 2011 жылы туған футболшыларға арналған «Жастар» турнирі 8–19 наурыз күндері өтті. Үшінші турнир – 2012 жылы туған балалар арасында 23 наурыз бен 3 сәуір аралығында өткен «Дарын» жарысы. Ал ең кішкентай қатысушыларға арналған (2013 жылдан кіші емес) «Жалын» турнирі 7–18 сәуір аралығында ұйымдастырылды.

— Барлық турнирлер бір жерде өтті. Неліктен дәл осы формат таңдалды?

— Барлық жарыстар Шымкент қаласындағы «БИІК» оқу-жаттығу базасында өтті. Қазақстан футбол федерациясы атынан «БИІК» кешенінің басшысы Бауыржан Тойшыбекұлы Әбдубайытовқа алаңдарды ұсынғаны және ұйымдастыру барысында туындаған мәселелерге жедел әрекет еткені үшін алғыс білдіремін. Бұл – осындай ауқымды іс-шараларды өткізуге ең қолайлы инфрақұрылымдардың бірі. Барлық турнирді бір жерде өткізу логистиканы жеңілдетіп, ұйымдастыруды тиімді етеді. Сонымен қатар, климаттық жағдай да үлкен рөл атқарады.

— Әр турнирге 24 команда қатысты. Бұл формат қаншалықты тиімді?

— Иә, әр турнирге еліміздің футбол орталықтары мен академиялары, сондай-ақ клубтардың дайындық топтарынан 24 команда қатысты. Біз бұл форматты тиімді деп санаймыз: бір жағынан көп команданы қамтуға мүмкіндік береді, екінші жағынан ойындардың сапасын сақтауға жағдай жасайды. Командаларға жеткілікті ойын тәжірибесі беріледі, бұл ойыншылардың дамуы үшін өте маңызды.

— Турнирлерде жүлделі орындар анықталмайды. Мұндай формат не үшін таңдалды?

— Бұл – біздің түбегейлі ұстанымымыз. Негізінде бұл турнирлерді командалардың оқу-жаттығу жиындары деп қарастыруға болады. Басты мақсат – негізгі чемпионатқа дайындық, нәтижеге кез келген жолмен жету емес. Біз жаттықтырушыларға тәжірибе жинауға, барлық ойыншыларға мүмкіндік беруге жағдай жасағымыз келеді. Балалар қысымсыз дамуы тиіс. Бұл тәсіл өзінің тиімділігін дәлелдеді. Сонымен қатар барлық матчтардың сапалы тікелей трансляциясы ұйымдастырылды. Бұл ата-аналарға балаларын бақылауға, ал жаттықтырушылар мен төрешілерге ойындарды талдауға мүмкіндік береді. Айта кету керек, осы кезеңде ҚФФ Төрешілер комитеті де төрешілерді маусымға дайындау және аттестациялау мақсатында оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Турнирдің барлық ойындары толық көлемде ҚФФ-ның «KFF Jastar» YouTube арнасында көрсетілді.

— Биыл командалардың деңгейін қалай бағалайсыз? Ілгерілеу бар ма?

— Әрине, ілгерілеу бар. Клубтардың жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын көріп отырмыз. Ойыншылардың техникалық деңгейі, ойын түсінігі, тәртібі жақсарып келеді. Әсіресе, кіші жастағы балалардың өзінде саналы ойын байқалады.

— Мұндай турнирлер балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту жүйесінде қаншалықты маңызды?

— Мұндай турнирлер өте маңызды рөл атқарады. Бұл ойыншылар үшін тәжірибе, жаттықтырушылар үшін өз командаларын бағалау мүмкіндігі, ал біз үшін – ел бойынша жалпы деңгейді көру құралы. Мұндай турнирлер чемпионат алдындағы маңызды кезең болып табылады.

— Бұл турнирлер тұрақты түрде өткізіле ме? Болашақ жоспарлар қандай?

— Иә, бұл турнирлер жыл сайын өткізіледі. Біз оларды үнемі жетілдіріп келеміз: форматты, ұйымдастыруды, қатысушыларға жағдайды жақсартамыз. Негізгі мақсат – олардың тиімділігін арттыру. Сонымен қатар, ойыншылар мен командаларды бағалауға арналған қосымша аналитикалық құралдарды енгізуді қарастырып жатырмыз. Басты мақсат – елдегі балалар мен жасөспірімдер футболын жүйелі дамыту.

— Турнир қорытындысы бойынша қатысушылар мен жаттықтырушыларға айтар тілегіңіз?

— Барлық қатысушылар мен ұйымдастырушыларға атқарған жұмыстары үшін алғыс айтамын. Сіздердің ынталарыңыз бен кәсібиліктеріңіз – футболдың дамуының негізі. Барлық командаларға, ойыншыларға, жаттықтырушылар мен төрешілерге алдағы уақытта табыс, өсу және ең жоғары деңгейде өнер көрсетуге ұмтылыс тілеймін.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары