Жағажай футболынан Қазақстан ұлттық құрамасы Бакуде оқу-жаттығу жиынын өткізеді

Жағажай футболынан Қазақстан ұлттық құрамасы Бакуде оқу-жаттығу жиынын өткізеді

30 сәуір 2026, 15:49
Жағажай футболынан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуролиганың «А» дивизионындағы ойындарға дайындықты бастайды.

Оқу-жаттығу жиыны 1-10 мамыр аралығында Баку қаласында өтеді. Дайындық барысында Қазақстан құрамасы жаттығу жұмыстарын, теориялық сессияларды өткізіп, Әзербайжан құрамасына қарсы бірнеше жолдастық матч өткізеді.

Биылғы маусымда Қазақстан құрамасы Еуролиганың элиталық «А» дивизионында өнер көрсетеді. Бұл дивизионда Еуропаның ең мықты 16 ұлттық құрамасы бақ сынайды. Қазақстан құрамасы Италия, Франция және Молдова құрамаларымен бірге «С» тобына түсті.

Топтық кезең матчтары 2026 жылдың 29 шілде – 2 тамыз аралығында Кишинев қаласындағы La Izvor Park Arena стадионында өтеді.

Топтық кезең қорытындысы бойынша әр топтан үздік екі құрама Еуролиганың Суперфиналына жолдама алады. Финалдық кезең 8-13 қыркүйек аралығында Италияның Виареджо қаласында ұйымдастырылады. Ал өз топтарында үшінші орын алған құрамалар келесі маусымда да «А» дивизионындағы орнын сақтап қалады.

Бакудегі оқу-жаттығу жиыны ұлттық құраманың Еуролигадағы ойындарға дайындығындағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ.

Бөлісу
Жоғары