ҚФФ Техникалық даму комитеті ұлттық құрамаларды дамытудың негізгі мәселелерін қарастырды
Отырыс аясында ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртул «Батыр жолы» жобасының тұжырымдамасын таныстырды. Бұл жоба заманауи талаптар мен ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, қазақстандық футболшының бірыңғай профилін қалыптастыруға бағытталған. Талқылау қорытындысы бойынша тұжырымдама мақұлданып, Комитет мүшелерінің ұсыныстарымен толықтыру үшін қайта өңдеуге жіберілді.
Маусым айындағы ФИФА күнтізбесіне (2026 жылғы 1-9 маусым) ерекше көңіл бөлінді. Күн тәртібін құру кезінде ұлттық құрамаларға басымдық беру расталды және оны клубтық жарыстармен үйлестіру қажеттілігі белгіленді.
Комитет сондай-ақ Қазақстан құрамаларының УЕФА аясындағы турнирлердегі нәтижелерін қарастырды. Еуропа чемпионатының элиталық іріктеу кезеңінде өнер көрсеткен 17 жасқа дейінгі (U-17) және 19 жасқа дейінгі (U-19) жасөспірімдер құрамаларының нәтижелері «қанағаттанарлық» деп бағаланды. Сонымен қатар, оң динамика атап өтілді – Қазақстан тарихында алғаш рет бірден екі жасөспірімдер құрамасы элиталық кезеңге жолдама алды, бұл айтулы жетістік болып саналады.
Федерация Бауыржан Сағындық (U-17) пен Сергей Лабодовскийдің (U-19) жаттықтырушылар штабына алғыс білдіріп, дайындықтың алдын ала кезеңінде Кирилл Кеккердің қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Әйелдер құрамалары арасында Юлия Мамонова бастаған U-17 командасы жоғары нәтиже көрсетіп, В лигасының іріктеу тобында бірінші орын иеленді және тарихта тұңғыш рет А лигасына жолдама алды. Ксения Постовая жетекшілік ететін U-19 құрамасының өнері сәтсіз деп танылды, дегенмен команданың жас құраммен өнер көрсеткені, бұл халықаралық тәжірибе жинақтаудың маңызды кезеңі екені айтылды.
Кадрлық шешімдер бойынша келесі тағайындаулар бекітілді:
Тимур Қасымов – U-19 (2008 ж.т.) құрамасының аға бапкері болып тағайындалды. Команда маусым айында Грекияда өтетін А лигасында Грекия, Португалия және Сербия құрамаларына қарсы ойнайды.
Русланжан Раимбакиев – U-17 (2010 ж.т.) құрамасының аға бапкері міндетін атқарушы болып тағайындалды. Команда қараша айында Грузияда өтетін іріктеу турниріне қатысады.
Сонымен қатар, маусым айындағы ФИФА датасынан бастап 2006-2007 жылғы футболшыларды U-21 жастар құрамасына біріктіру қолдау тапты. Бұл шешім ойыншылардың сабақтастығы мен кезең-кезеңімен даму стратегиясына сәйкес келеді.