Ержан Мұсабеков: «Лицензиялау жүйесінің арқасында әйелдер футболы жаңа деңгейге көтерілді»

Ержан Мұсабеков: «Лицензиялау жүйесінің арқасында әйелдер футболы жаңа деңгейге көтерілді»

27 сәуір 2026, 16:10
Қазақстан футбол федерациясының сертификация және аттестация департаментінің директоры Ержан Мұсабеков Қазақстандағы әйелдер футболын лицензиялау жұмыстары туралы пікір білдірді.

«Бүгін – әйелдер лигасының жаңа маусымы басталды. Бұны екінші толыққанды чемпионат деуге болады. Биыл оған 19 команда қатысып жатыр. Былтыр 14 команда болғанын ескерсек, бұл Қазақстан футбол федерациясы үшін үлкен жетістік. Тіпті УЕФА-ға мүше 53 елдің ішінде командалар саны бойынша алдыңғы қатардамыз деуге болады.Сырт көзге бұл жеңіл көрінуі мүмкін, алайда бұл – федерация мен клубтардың ұзақ уақыт бойы жүргізген жүйелі жұмысының нәтижесі.

2015 жылы УЕФА жиынында лицензиялау талаптарына өзгерістер енгізілетіні айтылды. Яғни, еурокубоктарға қатысатын клубтар өз құрылымында әйелдер командасын ашуы тиіс болды. Осыған байланысты 2018 жылы біз бұл талапты ұлттық лицензиялау жүйесіне енгізуді ұсындық. Негізгі мақсат – футбол орталықтарында ұлдармен қатар қыздар топтарын дамыту еді. 

Жыл сайын жаңа жас ерекшелігі бойынша топтар қосылып отырды. 2025 жылы 2018 жылы қабылданған 12-13 жастағы қыздар ересек деңгейге өтті. Соның нәтижесінде командалар саны артты», деді Мұсабеков.

Оның сөзінше, жаңа маусымда чемпионатқа жаңа клубтар да қосылған.

«Биыл 19 командаға жеттік. Қатарымызға жаңа ұжымдар қосылды, олардың ішінде «Шахтер», «БИІК» және «Томирис» клубтарының құрылымдары бар. Қазір клубтар бұл бағыттың болашағы бар екенін түсіне бастады. Соның нәтижесінде командалар саны айтарлықтай өсті», деп қорытындылады Е.Мұсабеков.

Бөлісу
Жоғары