Скотт Мунн Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы лауазымына тағайындалды

Скотт Мунн Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы лауазымына тағайындалды

27 сәуір 2026, 15:55
2026 жылғы 27 сәуірде Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитеті Скотт Энтони Муннды 2030 жылдың 12 шілдесіне дейін Бас хатшы қызметіне тағайындауды бекітті. Скотт Мунн 2026 жылдың 13 шілдесінде өз қызметіне кіріседі.

Бұл тағайындау қазақ футболы тарихында алғаш рет болып отыр. Федерация басшылығына Англия Премьер-лигасында жұмыс өтілі бар, Еуропаның беделді клубтық турнирінің бірінде жеңіске жеткен тәжірибелі маман тағайындалды.

С.Мунн федерацияның жаңа басшылығы бастаған реформаларды жалғастырады. Оған төрешілік жүйесін жетілдіру, академиялар мен инфрақұрылымды дамыту, клубтарды басқару және лицензиялау стандарттарын арттыру, тұрақты коммерциялық және медиа базаны қалыптастыру, сондай-ақ УЕФА және ФИФА ұйымдарымен ынтымақтастықты күшейту міндеті қойылды. 

ҚФФ президенті Марат Омаров:
– Федерация шешуші кезеңде тұр. Біз отандық футболдың болашағын айқындайтын берік негіз қалыптастыру үстіндеміз. Жоғары нәтижеге жету үшін тәжірибесі мен тәртібі бар мамандар қажет. Скотт Мунн – өз тәжірибесін қазақстандық футболды дамытуға бағыттайтын білікті маман. Оның кандидатурасы бұл қызметтің барлық талабына сай келеді және ел футболын лайықты нәтижелерге жеткізеді деп сенемін.

ҚФФ Бас хатшысы Скотт Мунн:
– Осындай маңызды кезеңде Қазақстан футбол федерациясының құрамына қосылғаныма қуаныштымын. Президент Марат Омаров айқындаған бағыт пен федерацияның атқарған ауқымды жұмыстары маған үлкен әсер қалдырды. Елдегі футболды дамытуға үлес қосу үшін клубтармен де, халықаралық деңгейдегі әріптестермен де тығыз жұмыс істеуге асықпын.

 
Бөлісу
Жоғары