Астанада Әйелдер лигасының жаңа маусымы таныстырылды
Іс-шараға ҚФФ бас хатшысының міндетін атқарушы Александр Кеплин, лицензиялау департаментінің директоры Ержан Мұсабеков, кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды ұйымдастыру дирекциясының спорт менеджері Айжан Кенжина, әйелдер футболы бөлімінің менеджері Наталья Горенко, Қазақстан WU-17 қыздар құрамасының аға бапкері Юлия Мамонова қатысты.
«Былтыр Қазақстан футбол федерациясы әйелдер арасындағы ел чемпионатын жаңартып, 14 командадан тұратын толыққанды лиганы іске қосты. Биыл қатысушылар саны 19 клубқа дейін артты. Бұл – елдегі әйелдер футболының дамып келе жатқанын және чемпионатқа деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді.
Өткен маусымда «Ақтөбе» мен «БИІК-Шымкент» арасындағы матч Қазақстан әйелдер футболы тарихындағы көрермен саны бойынша рекорд орнатты. «Қобыланды батыр» атындағы стадионға шамамен 8,5 мың жанкүйер жиналды. Жаңа маусымда біз бұл көрсеткішті кем дегенде қайталап, тіпті жаңартуды жоспарлап отырмыз.
Қазақстан футбол федерациясы атынан бүгін Әйелдер лигасында маусымды бастайтын барлық командаға сәттілік тілейміз.
Сондай-ақ Қазақстан әйелдер футболына УЕФА тарапынан көрсетіліп отырған назарды ерекше атап өткім келеді. Еуропалық футбол ұйымы Қазақстанға әйелдер арасындағы халықаралық турнирлерді тұрақты түрде өткізуді сеніп тапсырып келеді. Олардың қатарында жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңдері мен УЕФА Даму турнирі сияқты жолдастық жарыстар бар.
Осындай кезекті турнир 2026 жылғы 3-8 мамыр аралығында Талғарда өтеді. Онда WU-16 құрамасы Эстония, Өзбекстан және Израиль құрамаларына қарсы ойнайды», – деді Александр Кеплин.
Жиын барысында былтырғы маусым қорытындысы шығарылып, алдағы даму бағыттары талқыланды. Сонымен қатар УЕФА-ның клубтарды лицензиялау талаптарына және еліміздегі әйелдер мен жасөспірімдер футболын жүйелі дамытуға ерекше назар аударылды.
Жаңа маусымда 19 клуб қатысады. Олар екі конференцияға бөлінеді. Тұрақты кезең қорытындысы бойынша әр конференциядан алғашқы екі орын алған командалар плей-офф кезеңіне жолдама алып, ел чемпионы анықталады.
Қазақстанның қазіргі чемпионы – «Ақтөбе» клубы. Ол 2026/27 жылғы УЕФА әйелдер Чемпиондар лигасында ел намысын қорғайды.
Айта кетейік, Әйелдер лигасының 2026 жылғы алғашқы туры 27 сәуірде өтеді. Барлық матч KFF League YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.