Наталья Горенко: «Zhuldyz League жаңарды, әйелдер футболында жаңа даму кезеңі басталды»
Оның айтуынша, өткен маусымда лига жаңа тұжырымдамамен іске қосылып, толық ребрендингтен өткен. Жоба аясында лиганың атауы, логотипі және құрылымы жаңартылып, жарыс форматы қайта қаралған. Былтыр Zhuldyz League А және В дивизиондарына бөлініп, оған 18 команда қатысқан.
Биыл әйелдер футболында барлық жас санаты бойынша толық ребрендинг жүргізіліп отыр. Әр жас ерекшелігіне жеке лига атауы берілген.
«Яғни, 2010-2011 жылы туған ойыншыларға арналған Zhuldyz League, 2012-2013 жылғы футболшыларға арналған Balgyn League, 2014-2015 жылы туған ойыншылар арасында Umit League ұйымдастырылады. Бұл жүйе жас ойыншыларды дамыту мен ұлттық құрамаларға іріктеу процесін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Әсіресе Balgyn League өңірлік құрамаларды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
WU-15 ұлттық құрамасын құру туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты Balgyn League арқылы өңірлік командалар жасақталып, элиталық балалар-жасөспірімдер футболы бөлімімен бірлескен іріктеу жұмыстары жүргізіледі», деді ол.
Сонымен қатар UEFA Playmakers жобасы да дамып келеді. Бұл – 5-8 жас аралығындағы қыз балаларға арналған арнайы бағдарлама.
«Былтыр жоба «Алтай» футбол клубымен бірлесіп жүзеге асырылып, үш күндік семинар ұйымдастырылды. Онда дене шынықтыру мұғалімдері мен жаттықтырушыларға қыз балалармен жұмыс істеудің жаңа әдістері үйретілді. Соңғы күнінде тәжірибелік сабақ өтіп, 5-8 жастағы қыздар футболмен алғаш рет танысты. Биыл біз жобаны кеңейтіп, 5-тен 10-ға дейін жаңа орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл орталықтарда қыз балалар UEFA Playmakers бағдарламасы арқылы футболмен танысады», деді Наталья Горенко.