Юлия Мамонова: «Клубтар жаңа маусымға жоғары амбициямен келуде. Чемпионат бұрынғыдан да тартысты болмақ»

Юлия Мамонова: «Клубтар жаңа маусымға жоғары амбициямен келуде. Чемпионат бұрынғыдан да тартысты болмақ»

27 сәуір 2026, 16:35
17 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасының аға бапкері Юлия Мамонова жастар футболындағы өзгерістер, жаңа маусым және алдағы міндеттер туралы пікір білдірді.

Оның айтуынша, қазіргі басты өзгерістердің бірі – ойыншылардың мотивациясының артуы. Бұған дейін жастар құрамасындағы футболшылар кәсіби деңгейге өтудің нақты жолын көрмеген.

«Біздің құраманың ойыншылары биыл ғана 16 жасқа толып, алғаш рет кәсіби әйелдер лигасына қатысқалы отыр. Бұрын жастар құрамасында ойнаған футболшылар алда қандай мүмкіндіктер барын нақты елестете алмады. Қазір олар Премьер-лига деңгейіне өтетінін түсінеді. Бұл мотивацияны айтарлықтай арттырды. Бұрын көптеген ойыншы нақты мақсаты болмағандықтан спорттан ерте кетіп қалатын. Қазір кәсіби клубтардың арқасында балалар чемпионаттарында ойыншы саны артып отыр. Қамту аясы кеңейді, сәйкесінше ұлттық құрамаларға үміткерлер саны да артты», деді Юлия Мамонова.

Оның айтуынша, құраманың алдағы Даму Кубогыне қатысуы күзде өтетін А лигасы ойындарына дайындықтың маңызды кезеңі болмақ.

«Қазір біздің негізгі мақсатымыз – селекция. Жыл сайын құрам жаңарып отырады: бір бөлігі келесі жас санатына өтсе, олардың орнына жаңа ойыншылар келеді. Бүгінде құрамда тәжірибелі және жаңадан шақырылған футболшылар бар. Біз олардан біртұтас команда қалыптастырып, ортақ ойын қағидаларын енгізуіміз керек. Даму Кубогындегі қарсыластарымыз – әйелдер футболы жақсы дамыған елдердің командалары. Сондықтан бұл ойындар біз үшін А лигасына дайындық тұрғысынан өте маңызды. Мақсатымыз – әрдайым ең жоғары нәтиже көрсету», деді Ю. Мамонова.

Сонымен қатар бапкер әйелдер чемпионатының жаңа маусымы өткен жылға қарағанда әлдеқайда тартысты болатынын жеткізді.

«Өткен жыл пилоттық кезең болды, кейбір командалар соңғы сәтте жасақталды. Ал биыл барлық клуб маусымға тыңғылықты дайындалды, оқу-жаттығу жиындарын өткізді, құрамдарын күшейтті. Сондықтан чемпионат деңгейі айтарлықтай өседі. «Ақтөбе» тәжірибелі ойыншыларымен ерекшеленеді. Ал «Қайрат» жүйелі жұмысымен және клуб құрылымындағы тұрақтылығымен көзге түседі. Дегенмен нақты үздік үштік маусым барысында анықталады»,  деп қорытындылады Юлия Мамонова.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары