Алматы қаласының №31 мектебі «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының чемпионы атанды

Алматы қаласының №31 мектебі «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының чемпионы атанды

30 сәуір 2026, 16:17
Астанада 9-11 сынып мектеп оқушылары арасындағы «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңі аяқталды.

Финалда Алматы қаласы мен Жамбыл облысының командалары кездесті. Кездесу 3:0 есебімен Алматыдағы №31 мектеп командасының пайдасына аяқталды.

Екінші орынды Жамбыл облысы Шу қаласындағы №40 мектеп-лицей иеленді. Үшінші орын Астана қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейге бұйырды.

Турнир қорытындысы бойынша үздік ойыншылар жеке номинациялармен марапатталды:

Үздік бапкер – Сәкен Әбдігүл (Жамбыл облысы);

Үздік қақпашы – Денис Багаутдинов (Ұлытау облысы);

Үздік қорғаушы – Диас Әбілхамит (Жамбыл облысы);

Үздік жартылай қорғаушы – Мадияр Нышынбай (Астана);

Үздік сұрмерген – Бекжан Жалдыбай (Ақтөбе облысы) – 13 гол;

Үздік ойыншы – Қайсар Малаев (Алматы).

Алматы командасының бас бапкері Данияр Велахунов турнир жайлы пікірін білдірді:

«Біз Астанаға 9-11 сынып оқушылары арасындағы мектеп лигасына қатысу үшін келіп, бүгін турнир жеңімпазы атандық. Жамбыл облысының командасына қарсы ойын оңай болған жоқ: барлық мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық, бірақ соған қарамастан 3:0 есебімен жеңіске жеттік. Турнирді ұйымдастырушыларға үлкен алғыс білдіреміз. Оқушыларыма тек алға ұмтылып, үлкен жетістіктерге жете берулерін тілеймін», – деді Велахунов.

Алматыдағы №31 мектептің ойыншысы Тамерлан Кадиров та өз әсерімен бөлісті:

«Турнир өте тартысты өтті. Бұл жеңіске бүкіл команда болып жеттік. Финал басында қиын болды, бірақ екі голдан кейін ойнау жеңілдеді. Біз өз мектебіміздің намысын қорғадық, сондықтан бұл турнир біз үшін өте маңызды болды. Астанаға келіп, осындай деңгейдегі алаңдарда ойнау бізге қатты ұнады», – деді Кадиров.

Бөлісу
Жоғары