Еліміздегі ең ірі футбол жобаларының бірі «Қазақстан Әуесқой лигасының» жаңа маусымы басталды
Шымкентте лигаға қызығушылық жоғары. Былтыр турнирге 17 команда қатысса, биыл бас жүлде үшін 27 команда бақ сынауда. Командалар екі топқа бөлініп, жарыс айналмалы жүйе бойынша ұйымдастырылған.
Матчтар қаладағы «Металлург», ФЦ «Ордабасы», «Ремонтник», «Локомотив» стадиондарында, сондай-ақ қала маңындағы «Томирис» (Айбек Данбай атындағы) және «Ұлан» (Мұхтар Оразалиев атындағы) стадиондарында өтуде. Барлық ойын тікелей эфирде көрсетіледі. Қазіргі уақытта А лигасында Kaspinet, ал Б лигасында «Ақсукент» командалары турнир кестесінде көш бастап тұр.
Алматы қаласында А лигасында 12 команда өнер көрсетуде. Ойындар Jas Qyran және Akas Arena стадиондарында ұйымдастырылуда. Барлық матч тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Қазіргі таңда DN Motors командасы турнир кестесінде бірінші орында келеді. Сонымен қатар, жергілікті федерация жеңімпаз командаға республикалық кезеңге қатысу үшін 500 000 теңге көлемінде сыйақы береді.
ШҚО-дағы «Қазақстан Әуесқой лигасында» 9 команда бақ сынауда. Матчтар «Алтай», «Локомотив» және «Восток» стадиондарында өтуде. Жүлделі орын иегерлеріне жалпы қоры 1 000 000 теңге болатын сыйақы қарастырылған.
«Қазақстан Әуесқой лигасы» – еліміздегі бұқаралық футболды дамытуға бағытталған маңызды жоба. Лига әуесқой командаларға тұрақты түрде жарысқа қатысуға мүмкіндік беріп, өңірлердегі футболдың дамуына серпін береді. Сонымен қатар, жоба талантты ойыншыларды анықтап, олардың кәсіби футболға қадам жасауына жол ашады.