FIFA өкілдері Мариан Пахарь мен Тобиас Повалла ҚФФ академиясына арнайы іссапармен келді

FIFA өкілдері Мариан Пахарь мен Тобиас Повалла ҚФФ академиясына арнайы іссапармен келді

04 маусым 2026, 18:40
ҚФФ академиясына FIFA-ның фитнес бойынша эксперті Тобиас Повалла мен FIFA-ның таланттарды дамыту бағдарламасының эксперті Мариан Пахарь арнайы іссапармен келді.

Тобиас Повалла академияның бапкерлер құрамына заманауи футболдағы физикалық дайындықтың өзекті бағыттары бойынша тәжірибесімен бөлісті. Маманның бапкерлермен кездесуі барысында, ойыншылардың физикалық мүмкіндіктерін арттыру, жарақаттардың алдын алу, жас ерекшеліктеріне сәйкес жаттығу жүктемелерін жоспарлау мәселелері талқыланды. Академия бапкерлері FIFA сарапшысымен тікелей пікір алмасып, кәсіби білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, Тобиас Повалла ҚФФ Академиясының ойындарын бақылап, жас футболшылардың дайындығына баға берді:

– Сырт көз ретінде айтар болсам, ҚФФ көптеген маңызды бағыттар бойынша дұрыс жұмыс жүргізіп келеді. Talent Development Scheme командасы ұсынған көптеген әдістемелер мен құрылымдар академия жұмысына енгізілген. Сондықтан бұрыннан қалыптасқан жүйелі жұмыстың ішіне кіріп, оны жалғастыру мен үшін оңай болды.

ҚФФ жүйесінде ұлттық құрамалар үшін нақты ойыншы бейнесі қалыптасқанын байқадым. Олар физикалық тұрғыдан мықты, алаңда жауынгерлік мінез көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыстың дұрыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Әрине, болашақта оны одан әрі жетілдіруге мүмкіндік әрқашан бар, – деді Тобиас Повалла.

Маман сондай-ақ бапкерлер құрамына өзінің негізгі кеңесін де жеткізді:

– Ең маңыздысы – қазірдің өзінде бар барлық элементтерді бір-бірімен байланыстыру. Жеке-жеке жүргізіліп жатқан жұмыстарды бір жүйеге біріктіру қажет. Сонда ғана толыққанды нәтиже көрінеді. Барлық әрекет ойын философиясымен, ойын күніндегі жоспармен, ойын принциптерімен, ҚФФ-ның стратегиялық көзқарасымен және Talent Development Scheme тұжырымдамасымен үйлесуі тиіс. Менің «алтын кеңесім» – барлық бағытты біртұтас жүйеге айналдыру, – деп түйіндеді Тобиас Повалла.

Өз кезегінде FIFA Talent Development Scheme эксперті Мариян Пахарь FIFA мен Қазақстан футбол федерациясы арасындағы ұзақмерзімді серіктестікке тоқталды:

– Жақында ҚФФ базасында FIFA академиясы ашылды. Бұл – кез келген ұйымға беріле салмайтын жоғары сапа стандарты. Академия мәртебесін алу үшін 54 критерийдің орындалуы қажет. Бұл Қазақстан футбол федерациясының Ұлттық академиясы халықаралық талаптарға толық сәйкес келетінін көрсетеді.

Аталған критерийлер қатарында даму стратегиясы, ұлттық ойын философиясы, әр жас санатын дамыту жүйесі, ойын моделі, инфрақұрылым және кадрлық қамтамасыз ету талаптары бар. Сонымен бірге балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Федерацияда осы бағыт бойынша қажетті саясат пен мамандар жұмыс істейді.

Ең бастысы – мұнда жас футболшылардың дамуына барлық жағдай жасалған. Тұруға, білім алуға және сапалы дайындық жүргізуге қажетті мүмкіндіктер толық қамтамасыз етілген. 

Ол сондай-ақ ҚФФ Академиясын дамыту бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын атап өтті:

– Бастапқыда ФИФА-ның таланттарды дамыту жөніндегі бапкері болып Стюарт Холл қызмет атқарды, кейіннен оның жұмысын Виталий Астафьев жалғастырды. Таланттарды анықтау және скаутинг бағытын дамыту қолға алынып, бұл үдеріске осы саланың жетекші мамандарының бірі, ФИФА-ның таланттарды айқындау жөніндегі сарапшысы Стив Морроу шақырылды.

Қазіргі кезеңде Тобиас Повалла біздің командаға қосылып отыр. Жалпы футболшыны дамыту төрт негізгі құрамдастан тұрады: техника, тактика, физикалық және психологиялық дайындық. Біз осы бағыттардың барлығын жүйелі түрде жетілдіріп келеміз.

Алдағы уақытта жұмыс тек офлайн форматта ғана емес, онлайн режимде де жалғасады. Түрлі курстар мен воркшоптар ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, қыркүйек айында Орталық Азия елдері мен Еуропаның бірнеше мемлекеті қатысатын ірі воркшоп өткізу жоспарланған. Оған ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртул бастаған мамандар мен U-17 ұлттық құрамасының жаттықтырушылары қатысады.

Бұл бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғасады. Тобиас Повалланың бізбен бірге Қазақстанға келгеніне қуаныштымын. Бұл алдағы маңызды қадамдардың бірі болады деп сенемін, – деді Мариян Пахарь.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары