Әйелдер арасында Ұлттар лигасы. УЕФА жаңа турнирді бекітті

Әйелдер арасында Ұлттар лигасы. УЕФА жаңа турнирді бекітті

25 қараша 2022, 15:40
Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) Атқарушы комитеті әйелдер арасында Ұлттар лигасын бекітті. Жарыс Олимпиада ойындары үшін іріктеу турнирі болмақ, сонымен қатар Еуропа және әлем чемпионатының іріктеу кезеңдеріне ықпал етеді.

Жаңа формат алғаш рет әйелдер арасында Еуро-2025 жарысында қолданылады. 2023 жылдың күзінен бастап жарыстың жаңа жүйесі ұлттық құрамалар үшін УЕФА Ұлттар лигасы мен Еуропалық іріктеу кезеңін біріктіреді. Ол арқылы дивизиондарға өту (жоғары және төмен) қағидасы  қабылданып, Ұлттар лигасының финалдық турнирі ойналады.

 

УЕФА Ұлттар лигасы

УЕФА Ұлттар лигасы 2023 жылдың күзінен басталып, топтық кезең (өтпелі ойындар) және жартылай финал, үшінші орын мен финал матчтарын қамтитын плей-офф кезеңінен тұрады.

Топтық кезеңде командалар УЕФА әйелдер құрамаларының рейтингінің коэффициентіне байланысты үш лигаға бөлінеді.

A және B лигаларында 16 құрама болады. Олар төрт командадан төрт топқа бөлінеді. С лигасындағы командалардың саны – 19. Төрт топта төрт команда, бір топта үш команда болмақ (С лигасының нақты құрамы қатысушы командалардың санына тәуелді болады).

Барлық ойындар 6 турда ойналып, матчтар үй және сырт алаң жүйесі бойынша өтеді.

Әр төрт жыл сайын Ұлттар лигасының финалы Олимпиада ойындарына іріктеу болмақ. Алғашқы сайыста командалар 2024 жылы Францияда өтетін Олимпиада ойындарының жолдамасын сарапқа салады.

 

Еуропалық іріктеу кезеңі

Еуропалық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша нақты рейтинг жасақталып, Еуропа және әлем чемпионаттарына тікелей қатысатын құрамалар анықталады. Сонымен қатар Еуропалық іріктеу кезеңі арқылы өтпелі ойындарда бақ сынайтын командалар белгілі болады. Бұл рейтинг арқылы құрамалардың келесі іріктеу кезеңін қандай лигадан бастайтыны туралы айқындауға болады.

Жаңартылған формат өзара байланысты жақсартып, спорттық және коммерциялық қызығушылықты орнату үшін үлкен бәсекелестік құруға бағытталған. Оның үстіне барлық ұлттық қауымдастықтарға әйелдер арасында Еуропа және әлем чемпионаттарының іріктеу кезеңін бағындыруға мүмкіндік береді.

 

УЕФА Ұлттар лигасы мен Еуро-2025 іріктеу кезеңінің матчтары қашан өтеді?  

– УЕФА Ұлттар лигасы 2023 жылдың күзінде басталып, 2024 жылдың көктеміне дейін жалғасады;

– Еуро-2025 іріктеу кезеңі 2024 жылдың көктемі мен күзі аралығында өтеді.  

Жарысқа қатысушы командалар А және С лигаларына әйелдер арасында 2023 жылғы Әлем чемпионатының еуропалық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша жасақталған УЕФА рейтингінің коэффициенті арқылы бөлінген.  

А лигасы: Англия, Германия, Франция, Швеция, Испания, Нидерланд, Норвегия, Дания, Италия, Бельгия, Аустрия, Исландия, Швейцария, Ресей*, Уэльс, Португалия;

В лигасы: Шотландия, Ирландия, Польша, Чехия, Финляндия, Сербия, Словения, Солтүстік Ирландия, Румыния, Украина, Босния және Герцеговина, Словакия, Венгрия, Грекия, Хорватия, Беларусь;

С лигасы: Албания, Мальта, Израиль, Әзербайжан, Түркия, Солтүстік Македония, Косово, Черногория, Люксембург, Эстония, Молдова, Литва, Қазақстан, Латвия, Болгария, Кипр, Фарер аралдары, Грузия, Армения.

*Қазіргі уақытта барлық ресейлік командалар 2022 жылдың 28 ақпанында УЕФА Атқарушы комитеті қабылдаған шешімге сәйкес УЕФА жарыстарынан шеттетілген.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары