Қостанайда балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған республикалық футбол фестивалі өтті

Қостанайда балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған республикалық футбол фестивалі өтті

13 ақпан 2023, 18:31
Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық футбол фестивалі бастау алды. Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастырған іс-шараға «AMANAT» партиясы жанынан «Жастар арасында футболды дамыту және қолдау» қоғамдық қоры, сонымен қатар аймақтық футбол қауымдастығы атсалысты.

Алғашқы футбол фестивалі Қостанай қаласында ұйымдастырылып, іс-шараға өңірдегі 6 балалар үйінен 100-ден астам бала қатысты. Ауқымды шараға Қостанай футбол одағы, Қостанай облысының әкімдігі және «Тобыл» футбол клубы қолдау көрсетті.

Фестиваль аясында «Тобыл» жастар командасы және футбол орталықтарының ойыншыларының қатысуымен шеберлік сағаттары мен әртүрлі жарыстар өткізілді. Достық ойын тең есеппен аяқталды - 5:5.

«Футболмен екі жыл бойы айналысып келемін, бірақ бүгінгі матчтан үлкен тәжірибе алдым. Мықты қарсыластарға қарсы ойнау әрқашан қызықты. Біздің қарсыластарымыз кәсіпқой футболшылар болды. Олар командалық ойынды жақсы сезінеді, алаңды көре алады, жылдам қозғалады. Үйренетін нәрсе көп. Көңілім толды, ойын үшін рахмет айтамын», - деді балалар үйінің тәрбиеленушісі Тимур Михайлов.

«Жобаны ұйымдастырушылардың барлығына ризашылығымды білдіргім келеді. Балалар үшін фестиваль өте көңілді өтіп жатыр. Мұндай шараларды жиі өткізу қажет деп санаймын. Бізбен әртүрлі деңгейдегі балалар келді. Ірі жарыстарға қатысқан ойыншылар мен жаңадан қатарға қосылғандар бар. Фестиваль балаларға үлкен тәжірибе береді және спорт саласында ой-өрісін кеңейтеді», – деді Рудный қаласының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының педагогы Руслан Ибраев.

Қазақстан футбол федерациясы мұндай іс-шараларды еліміздің барлық аймағында ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жоба УЕФА-ның «Футбол және әлеуметтік жауапкершілік» бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Бағдарламаның басты мақсаты – балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау.

Бөлісу
Жоғары