Қазақстанда балалар және жасөспірімдер футболын дамытатын ауқымды жоба іске қосылды

Қазақстанда балалар және жасөспірімдер футболын дамытатын ауқымды жоба іске қосылды

10 наурыз 2023, 19:37
Қазақстан футбол федерациясы, Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы және Freedom Holding Corp. балалар-жасөспірімдер футболының жаңа лигасы – QJ League құрылғанын жариялайды.

Бүгін Астанада жасөспірімдерге арналған футбол лигасының құрылуына байланысты баспасөз мәслихаты өтті. QJ League ұйымына 2025 жылға дейін жасөспірімдер арасында жарысты өткізу құқығы беру туралы шешім ҚФФ Атқарушы комитетінің жиынында қабылданған болатын.

QJ League елімізде ұлттық маңызы бар жобаға айналып, бірнеше жыл ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен дарынды жастардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік бермек.

Қазақстан футбол федерациясымен балалар-жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамытуға бағытталған меморандумға қол қойған «Фридом Финанс» акционерлік қоғамы жобаның демеушісі болады.

ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов QJ League-ның негізгі мақсаты – Қазақстан ұлттық құрамасына сапалы резерв дайындау екенін айтып өтті.

«Жасөспірімдер лигасы – ел футболын дамытудағы басты жобалардың бірі. Балалар футболын дамыту біздің Стратегиямызда айқын көрсетілген. Осы жоба арқылы талантты балаларды дайындайтын жарыс жүйесін құрамыз. Бұл біздің балалар үшін кәсіпқой футболдағы алғашқы қадам деуге болады», - деді Әділет Барменқұлов.

18 жасқа дейінгі футболшылардан құралған 12 команда қатысатын лиганың алғашқы маусымы 22 сәуір күні басталады. Алдағы үш жылда әртүрлі жас ерекшеліктері бойынша қатысушылар санын ұлғайту жоспарланып отыр. 

«QJ League – бұл ҚФФ және ҚКФЛ бізбен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылатын үлкен әлеуметтік жоба. Біздің ортақ мақсатымыз – қазақстандық футболды және жастарымызды дамыту. Біз тек футболшылар туралы ғана емес, жаттықтырушылар, төрешілер, менеджерлер және спорт индустриясындағы басқа да сұранысқа ие мамандар туралы айтып отырмыз. Қазақстанда футболға, әсіресе өңірлерде үлкен әлеуметтік сұраныс бар. Футболда нәтижеге бірден жете алмайсыз», - деп атап өтті QJ League қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов.

«Қазақстанда көптеген дарынды балалар бар, бірақ олардың өздерін толық көрсетуге мүмкіндіктері әрдайым бола бермейді. Балалар футболының дамуына жүйелі түрде қарау керек, әйтпесе оң нәтижеге жету қиын болады. QJ League – қазақстандық футболдағы революция іспетті, енді біздің жасөспірімдер жүз пайыз кәсіби деңгейде ұйымдастырылатын турнирге қатысады», - деді ҚКФЛ және QJ League президенті Рохус Шох.

Турнир ойындарын Qazsport, Qsport және Setanta Qazaqstan республикалық спорт телеарналарынан, сондай-ақ лиганың ресми YouTube-арнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Жарыс туралы толық ақпаратты QJ League сайты мен әлеуметтік желілерінен алуға болады.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары