«Атырау» – «Астана» матчының жекелеген ойын сәттеріне қатысты түсіндірме

32 минут – Ұзын пастан кейін алаң иелерінің қақпашысы айып алаңынан тыс жерге шығып, қарсы бағытта келе жатқан шабуылшыны бөгеді. Фол жасалған сәтте қақпашының артында және шабуылшының алдында екі қорғаушы тұрған, олар бұл шабуылшыға кедергі келтіре алатын еді.
Мұндай жағдайларда дұрыс шешім – перспективалы шабуылды тоқтатқан қақпашыға сары қағаз көрсетіп, қарсы командаға тікелей еркін соққы беру.
Төреші дұрыс шешім қабылдады – VAR бұл эпизодқа араласпауы керек
34 минут – Алаң иелерінің айып алаңында №13 қорғаушы мен №15 шабуылшы арасында қақтығыс болды. Қорғаушы аяғын созды, бірақ доп шабуылшыда болды. Ойыншылар арасында байланыс өте аз болғаны байқалады. Шабуылшы кенеттен жерге құлап түсті.
Ойын ережелерінде: «төрешіні алдауға тырысқан ойыншы, мысалы, оған фол жасалды деп өтірік көрсету жағдайы» – спорттық емес мінез-құлық үшін сары қағазбен жазалануы керек делінген. Төрешілер мұндай жағдайға қатаң қарауы тиіс!
Бұл ретте дұрыс шешім – қарсылас команданың пайдасына еркін соққы белгілеу және сары қағаз көрсету.
Төреші дұрыс емес пенальти белгіледі және VAR араласуы керек еді.
90+4 минут – Доп алыстан айып алаңына асырылып, алаңда серпілген соң, айып алаңындағы қонақтар командасының №22 қорғаушысына тиді. Доп оның иығына жақын қолының жоғары бөлігіне тиді – бұл Ойын ережелеріндегі суретке сәйкес, жазаланбайтын аймаққа жатады. Сонымен қатар, қолы денесіне жақын, табиғи қалыпта орналасқан және дене пішінін үлкейткен жоқ.
Төреші белгілеген пенальти дұрыс болмады және VAR дұрыс араласты.