Геннадий Скуртул: «UEFA Share семинары физикалық дайындық бапкерлерінің дамуына зор серпін береді»

«Семинар сәтті өтті. Қазақстанда алғаш рет физикалық дайындық нұсқаушыларына арналған осындай іс-шара ұйымдастырылды. Бұған дейін Алматыда UEFA Share бағдарламасы аясында бұқаралық футбол бойынша семинар өткен болатын.
Бұл семинар болашақ фитнес жаттықтырушыларына арналған курстардың нұсқаушыларына бағытталған. Бұл — UEFA Конвенциясы қабылдаған жаңа бағыт, ол 2025 жылдың шілде айынан бастап күшіне енеді. Елдер осындай курстарды іске қосу үшін алдымен нұсқаушыларды дайындауы қажет, біз соңғы үш күнде дәл осы жұмыстармен айналыстық. Бұл семинар әрбір елдің болашақта мұндай іс-шараларды өздігінен өткізе алуына негіз қалайды.
Семинарға қатысушылар тақырыпқа терең үңілді. UEFA тарапынан фитнес бойынша сарапшылар келді, сол себепті семинар физикалық дайындық жаттықтырушыларының дамуына үлкен серпін береді. Бұл курс — жаңа жолдың бастауы.
Семинар спикерлерінің бірі — болашақта Қазақстанға жетекшілік ететін Пьер Баррье. Физикалық дайындық бағытын жетілдіру қажет. Бізде фитнес жаттықтырушылары бар, бірақ өкінішке қарай, соңғы жылдары ешқандай тұрақты курс немесе семинар өткізілген жоқ. Қазір біз елімізде бұл жобаны алға жылжытып, фитнес жаттықтырушыларын тек кәсіби клубтар үшін ғана емес, сондай-ақ академиялар мен футбол орталықтары үшін де дайындайтын бірнеше қазақстандық нұсқаушыны іріктеп аламыз.
UEFA президентінің жуырдағы сапары мен осы семинар — Қазақстан футбол федерациясының UEFA және FIFA тарапынан толық қолдауға ие екенін дәлелдейді. Бізге артылған сенімді ақтаймыз деп сенемін», – деді Скуртул.