Астанада фитнес бапкерлерге арналған UEFA Share семинары басталды

Оқу курсы үш күнге созылады. Оған Андорра, Беларусь, Хорватия, Эстония, Мажарстан, Люксембург, Румыния, Ресей, Швейцария және Қазақстанның өкілдері қатысып жатыр.
Семинарда қатысушылар спорттық тамақтану тақырыбында теориялық білім алады, футзал ойыншыларының физикалық дайындығының ерекшеліктерін зерттейді. Сонымен қатар заманауи әдістемелерді талқылап, футбол алаңында және залда тәжірибелік жаттығуларға қатысады.
Семинардың ашылу рәсімінде Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория қатысушыларға құттықтау сөзін арнады:
«Баршаңызды Қазақ жерінде қарсы алғанымызға қуаныштымыз! Мұндай іс-шараны өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Осы семинарда алған білім әр қатысушыға пайдалы болатынына сенемін.
Қазақстан — жас мемлекет, сондықтан қазіргі еуропалық футболдың қай бағытта дамып жатқанын түсіну біз үшін маңызды. Біз оның белсенді бөлігі болуға және болашақта жетекші орыннан көрінуге ұмтыламыз».
UEFA Share бағдарламасы Еуропа футбол қауымдастықтары одағының бастамасымен жүзеге асырылады және дамудың үш негізгі бағытын қамтиды: жаттықтырушыларды даярлау, бұқаралық және әйелдер футболы.