Эльвира Нұрмұстафина төрешілік мансабын аяқтайды

Эльвира Нұрмұстафина төрешілік мансабын аяқтайды

03 мамыр 2025, 10:59
2025 жылдың 3 мамырында қазақстандық футбол тарихи сәтке куә болмақ – еліміздің төрешілік саласындағы көрнекті тұлғалардың бірі Эльвира Нұрмұстафина бүгін соңғы матчын өткізеді. Ол – Қазақстан Премьер-лигасында ойын басқарған тұңғыш әйел төреші.

Эльвираның мансабындағы соңғы ойын – Қазақстан Премьер-лигасының 7-турындағы «Жеңіс» пен «Ақтөбе» арасындағы матч болмақ.

Эльвира Нұрмұстафина 1985 жылдың 7 тамызында Теміртауда дүниеге келген. Төрешілік жолын 2008 жылы бастап, 2010 жылдан бері FIFA төрешісі атанды. 2013 жылы халықаралық дәрежедегі төреші мәртебесін иеленіп, Қазақстан атынан түрлі халықаралық турнирлерге қатысып жүрді. 2017 жылы ерлер арасындағы кәсіби футболда дебют жасап, 2021 жылдың 3 шілдесінде «Жетісу» мен «Қызыл-Жар СК» арасындағы ойында Қазақстан Премьер-лигасында алғаш рет әйел төреші ретінде тарихта қалды.

Эльвираның халықаралық аренадағы жетістіктері де аз емес. Ол 17 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Еуропа чемпионатының (2016, Беларусь) және 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Еуропа чемпионатының (2019, Шотландия) финалдық кезеңдерінде қызмет атқарды. Сондай-ақ, 2019 және 2023 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионаттарының іріктеу ойындарында төреші болды. 2022 жылдан бастап Премьер-лига ойындарына VAR төреші ретінде тұрақты түрде шақырылып жүр.

Эльвира Нұрмұстафинаның кәсіби жолы – батылдықтың, жоғары деңгейдегі шеберліктің және футболға деген адалдықтың үлгісі. Ол болашақ төрешілерге, әсіресе қыз-келіншектерге жол ашып, шабыт берген символдық тұлғаға айналды.

Қазақстан футбол федерациясы Эльвираға төрешілік саласына қосқан зор үлесі үшін алғыс білдіреді және жаңа бастамаларда толағай табыстар тілейді!

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары