ҚФФ өкілдері VAR жүйесі бойынша УЕФА-ның бірінші симпозиумына қатысты

Іс-шараға 46 ұлттық қауымдастықтың өкілдері: бапкерлер, төрешілер, ойыншылар, техникалық мамандар және өзге спорт түрлерінің сарапшылары қатысты. Симпозиумның мақсаты – Еуропада VAR жүйесін қолдануда бірыңғай ұстаным қалыптастырып, футбол қауымдастығы арасындағы түсіністікті нығайту.
Қазақстан футбол федерациясының атынан форумға Төрешілік және инспекция департаментінің директоры Нуну Алешандре Паррейра де Каштру, VAR дамыту департаментінің директоры Никита Утробин және қоғаммен байланыс департаментінің өкілі Жандос Халел қатысты.
Симпозиум аясында мынадай негізгі тақырыптар қаралды:
• VAR жүйесінің қазіргі жағдайы және даму перспективасы;
• шешім қабылдаудың дәлдік статистикасы: VAR-дың көмегінсіз – 97,49%, VAR-мен – 99,60% көрсетті;
• ережелерді түсіндірудегі қиындықтар мен бірыңғай тәсілді енгізудің маңызы;
• волейбол, баскетбол, крикет секілді өзге спорт түрлеріне бейнетехнологияларды енгізу тәжірибесі;
• Еуропа футболындағы үздік тәжірибелер мен кейстер.
Симпозиумға Португалия құрамасының бас бапкері Роберто Мартинес, француз төрешісі Стефани Фраппар, IFAB техникалық директоры Дэвид Эллерей сынды танымал мамандар қатысты.
УЕФА төрешілер комитетінің басқарушы директоры Роберто Розетти бұл симпозиумның VAR қолдануда ортақ бағыт қалыптастыруға маңызды қадам болғанын атап өтті. Ол технологияны жетілдіру мен қоғаммен ашық диалогты арттыру қажет екенін айтты.