Әбинұр Нұрымбет: «Мақсатым – Ұлттық құрамада ойнау»

Әбинұр Нұрымбет: «Мақсатым – Ұлттық құрамада ойнау»

03 мамыр 2025, 17:00
Болашағанын үлкен үміт күтетін Жамбыл футболының түлегі – Әбинұр Нұрымбет. ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында Өзбекстан мен Беларусь чемпионаттарындағы тәжірибесі, қай футболшыға қарап бой түзейтіні және биылғы маусымдағы жоспарлары жайлы әңгімелеп берді.

– Әбинұр, футболға қалай келдің? Бұл спортты таңдауыңа не әсер етті? Таразда мықты футбол мектебі бар екенін білеміз, сол фактор әсер етті ме?

– Футболмен бес жасымнан бастап шұғылдандым. Алғашқы бапкерім – Ильницкий Иван Михайлович. Ол кісі мені көп нәрсеге үйретті. Футбол ойнау ұнағандықтан таңдадым десем болады. Әрине, Тараз – талай таланттардың түлеп ұшқан ордасы. Бұл да мотивация берді. Ал ең үлкен арманым – ұлттық құрама жейдесінде ойнау. Сол жолда көп еңбектенемін.

– Жасың 19 болса да үш түрлі чемпионатта ойнап үлгердің. Беларусь чемпионаты несімен ерекше болды? Ерекше көзіңе түскені не болды?

– Беларусьте алғаш рет жоғарғы лигада ойнадым. Көзіме түскені – жергілікті бапкерлердің сенімі мен қолдауы. Ересектер футболына өтуіме көп көмегін тигізді.

– Өзбекстанда да доп тептің. Көбі өзбек чемпионатын техникалық тұрғыдан мықты, бірақ физикалық жағынан Қазақстан чемпионатына қарағанда әлсіз дейді. Қалай ойлайсың?

– Дұрыс айтасыз. Өзбекстанда футболшылар техника жағынан мықты, оны жоғары жылдамдықта көрсете алады. Қазақстан чемпионатымен салыстыру әзірге қиын, себебі маусым енді басталды.

– Жаңа маусымда Қазақстан жастар құрамасында ойнай бастадың. Құрамадағы атмосфера қалай? Алдағы іріктеу кезеңі туралы ойың қандай?

– Жастар құрамасында жақсы ойыншылар жиналған. Көбі Премьер-лигада ойнап жүр. Бәсекелестік бар. Сондықтан алдымызға үлкен мақсат қоямыз. Топта бір ғана айқын фаворит бар, ол – Англия. Десе де келесі кезеңге өту үшін барымызды саламыз.

– Қазіргі футболда кімге қарап бой түзейсің? Қай футболшының ойыны ұнайды?

– Джуд Беллингемнің ойыны ұнайды. Әркез шабуылда ойнауға тырысады. Джуд – ерекше талант. Өзін керемет қырынан көрсетіп жүр. Қазірдің өзінде «Реал Мадридтің» көшбасшысы атанды. Ойынына қарап, көп нәрсе үйренемін.

– «Тұранда» негізгі құрам ойыншысы болдың. Команда жас ойыншылар мен тәжірибелі футболшылар үйлесімімен ерекшеленеді. Биыл бұл команда сенсация жасай ала ма?

– Иә, өзімізге сенеміз. Әр матчта барымызды саламыз. «Тұранның» басшылығы мен бапкерлер штабы бізді Қазақстанның үздік командаларымен тең дәрежеде бәсекелес болуға дайындап жатыр.

– Биыл өзіңе қандай мақсат қойып отырсың?

– Жастар құрамасында, сосын ұлттық құрамада ойнағым келеді. Ал клуб деңгейінде «Тұранның» осы маусымда сенсация жасағанын қалаймын.

Бөлісу
Жоғары