Артем Кучин төреші мансабын аяқтады

Кучиннің төреші мансабындағы соңғы ойыны Премьер-лиганың 7-туры аясындағы «Тобыл» мен «Қызылжар» командалары арасында болмақ.
Артем Кучин 1977 жылдың 15 желтоқсанында Қарағандыда дүниеге келген. Премьер-лигада алғашқы ойынын 2008 жылдың 17 маусымында өткізді, ал 2009 жылы FIFA төрешісі атанды. Ол 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчтары, УЕФА Еуропа лигасы, УЕФА Конференциялар лигасы, Қазақстан Кубогы мен Суперкубогының финалдары, U17 және U19 Еуропа чемпионаттарының финалдық кезеңдері, сондай-ақ УЕФА Аймақтар кубогының финалында төрелік етті.
Кучин – Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі матчтарда төрелік еткен тұңғыш қазақстандық төреші.
Ойынға деген адалдығы, әділдігі және кәсібилігімен есте қалған Артём Кучиннің еңбегі ерекше. Қазақстан футбол федерациясы оған шын жүректен алғыс айтып, жаңа өмір жолында сәттілік тілейді!