ҚФФ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОАКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

Бастаманың аясында ҚФФ қызметкерлері Астанадағы Футбол үйінің жанындағы скверге ағаш отырғызды. Бұл шара экологиялық жауапкершіліктің белгісі мен жайлы, жасыл қала ортасын құруға деген ұмтылыстың көрінісіне айналды.
Қатысушылар қатарында ҚФФ бас хатшысы Давид Лория, бас аудитор Қамбар Омаров, сондай-ақ федерацияның шетелдік мамандары – техникалық директор Геннадий Скуртул мен төрешілер және инспекция департаментінің директоры Нуну Алешандре Паррейра де Каштру болды. Скуртул мен Каштру үшін бұл – Астанада алғаш рет ағаш отырғызуға қатысу тәжірибесі болды, олар бұл бастамаға ерекше ықыласпен үн қосты.
Сонымен қатар, акцияға Федерацияның өзге де қызметкерлері белсене қатысып, елорданың экологиялық ахуалын жақсартуға деген ортақ ниетті көрсетті.
«Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы Астанада 2024 жылдың сәуір айынан бастап жүзеге асып келеді және ол көгалдандыру мен аумақтарды тазалаудан бастап, әлеуметтік және еріктілік жобаларға дейінгі кең ауқымды іс-шараларды қамтиды.
Қазақстан футбол федерациясы экология саласындағы мемлекеттік және қоғамдық бастамаларды қолдайды және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен орнықты болашақ құруға өз үлесін қоса бермек.