Астанада физикалық дайындық бапкерлеріне арналған UEFA Share семинары аяқталды

Білім беру бастамасына Андорра, Беларусь, Хорватия, Эстония, Мажарстан, Люксембург, Румыния, Ресей, Швейцария және Қазақстанның өкілдері қатысып, семинар барысында спорттық тамақтану, футзалдағы физикалық дайындық ерекшеліктері және заманауи жаттығу әдістемелері бойынша өзекті тақырыптар талқыланды.
Бағдарлама теориялық дәрістермен қатар, футбол алаңында және футзал залында өткен практикалық модульдерді де қамтыды. Мұндай формат қатысушыларға ойыншыларды дайындаудағы тиімді тәсілдерді талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Наоми Датсон, УЕФА-ның физикалық дайындық жөніндегі консультативтік тобының мүшесі:
– Біз Астанада үш күн бойы жемісті жұмыс жүргіздік, сәл шаршадық та, бірақ бұл курс өте маңызды әрі ақпаратқа бай болды. Енді үйлерімізге жаңа біліммен, жаңа таныстармен ораламыз. UEFA Share бағдарламасының ең басты міндеті – осы. Басында бір-бірімізді мүлдем танымасақ, қазір мамандар арасында жоғары деңгейдегі коммуникация орнап, олар бір-біріне қолдау көрсетуге дайын екенін байқадым.
Игорь Шитов, «Астана» клубының бұрынғы ойыншысы, Беларусь жасөспірімдер құрамасының физикалық дайындық бапкері:
– Ең алдымен, Астанаға қайта оралғаныма қуаныштымын. Бұл қалада клубпен бірге жеңістерді тойлап, кубоктар мен медальдар алғанбыз. Жанкүйерлердің мені жылы қарсы алғаны да қуантты. Семинарға келер болсақ, бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Әртүрлі елден келген мамандармен алғаш рет бір ортада болдым, әрі барлық ақпарат менің ана тілімде емес. Біз жаңа таныстар таптық, бапкерлік жолымызда алға жылжу үшін құнды білім алдық.
Семинардың қорытындысы бойынша қатысушыларға UEFA сертификаттары табысталды. Бұл құжаттар олардың бағдарлама аясындағы негізгі компоненттерді меңгергенін растайды.
UEFA Share бастамасы Еуропа футбол қауымдастықтары одағы тарапынан жүзеге асырылады және бапкерлерге қолдау көрсетуге, сондай-ақ бұқаралық және әйелдер футболын дамытуға бағытталған.