Астанада UEFA PRO лицензиясына оқытудың төртінші модулі аяқталды

Астанада UEFA PRO лицензиясына оқытудың төртінші модулі аяқталды

29 тамыз 2025, 16:29
26–29 тамызда Қазақстан футбол федерациясының ұйымдастыруымен бапкерлерге арналған UEFA PRO санатындағы дайындық бағдарламасының төртінші модулі өтті.

Бағдарлама аясында теориялық дәрістер мен ҚФФ футбол үйінің алаңында астаналық жас футболшылардың қатысуымен практикалық жаттығулар өтті. 

ҚФФ академиясы U-16 командасының аға жаттықтырушысы Ерлен Бекмұхаев:

«Оқыту сәтті өтті. Өзімізге тың ақпарат алдық. Техникалық орталықтың мақсаты – бізге Pro санатына сәйкес білім беру және оны тәжірибеде қолдануға үйрету. Курс өте қызықты болды. Келесі модульдерде білімімізді тереңдетеміз деп ойлаймын, алда әлі көп еңбек етуіміз керек. UEFA Pro бағдарламасы аясында пайдалы әрі қызықты дүниелер күтіп тұрғанына сенемін», - деді.

Төртінші модульдің тақырыбы: «Ойын моделі, позициялық қорғаныс (1–2 аймақ), тактикалық периодизация». Тыңдаушыларға Станислав Погорелов, Евгений Свешников, Владимир Никитенко, Виктор Семенов, Игорь Шпанера және Геннадий Скуртул дәріс өткізді.

ҚФФ академиясы U-15 командасының аға жаттықтырушысының ассистенті Евгений Коструб:

«Оқу мазмұнды әрі қарқынды өтті, себебі төрт күн бойы таңертеңнен кешке дейін білім алып, жұмыс істедік. Үйрету стилі рефлексияға, тәжірибе мен пікір алмасуға, шағын және үлкен топтардағы жұмысқа негізделген. Мамандар арасындағы өзара тығыз байланыс  оқудың табысты өтуінің басты көрсеткіші деп ойлаймын.», - деп бөлісті.

Оқытуға 20 қазақстандық маман қатысты. Олар курс аясында УЕФА Чемпиондар лигасы аясындағы  ойындарды талдап, заманауи жаттығу процесін құрудың әдістемелерін зерделеді. Мысал ретінде Германияның «Штутгарт», Испанияның «Атлетико Мадрид», Англияның «Кристал Пэлас» және Италияның «Наполи» клубтарының тәжірибесі алынды.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары