Артем Ерохнович: «Қазақстанда жағажай футболына көңіл бөліне бастады»

Италияның Кастелламмаре-ди-Стабия қаласында өткен жарыста Қазақстан құрамасы өз тобында Румыния (3:2), Норвегия (6:4) мен Мальта (5:4) командаларын жеңді. Үш ойынның үшеуінде жеңіске жетіп, элиталы дивизионға жолдама беретін промо-финалға шықты.
- Артем, жақында аяқталған Euro Beach Soccer League 2025 В дивизионындағы ойындар жайлы айта кетсеңіз. Қай матч өзіңізге ұнады?
- Барлық төрт команданың да топтан шығуға мүмкіндігі болды. Өкінішке қарай, қолымызда қарсыластар жайлы толық ақпарат болмады. Сондықтан әр команда бізге құпия күйінде қалды. Бірақ В дивизионындағы командалардың деңгейі өскенін бірден аңғардық. Біздің де құрам жаңарып, қатарға жас жаңа ойыншылар қосылды. Кейбіреуі бұрын-соңды құрамада ойнамаған. Мальтаға қарсы матчты ерекше атап өтуге болады. Алғашқы екі кезеңде ойынымыз жүрмей, соңғы үшінші кезеңде мінез танытып, ойынды алып шықтық. Қиын болса да жігіттер намысқа тырысты.
- Команда промо-финалға жолдаманы жеңіп алды. Бірақ әзірге қарсыластар белгісіз. Дегенмен элиталы дивизионға шығу мүмкіндігімізді қаншаға бағалайсыз?
- Мүмкіндік бар. Алаңда бар күшімізді салып, соңына дейін күресетініміз анық. Ойыншылар «жанып» тұр. Бәрі жеңіске жетіп, еліміздің атын шығаруға тырысады. Ойынға келер болсақ, алаңға тек жеңіс үшін шығамыз. Ал ары қарай өтуге бәрінің мүмкіндігі тең деп ойлаймын.
- Алдағы жақын уақытқа команданың алдына қандай мақсат қойылды?
- Бірінші кезектегі мақсат - А дивизионына барынша жылдам шығу. Көбірек жарыстарға қатысып, құрамды күшейтсек дейміз. Барынша көп ойын өткізуге тырысамыз. Ойыншылардың шеберлігін арттырып, басқа да мықты футболшыларды іздеу қажет.
- Қазақстан жағажай футболының дамуын қалай бағалайсыз?
- Өткен жылдармен салыстырғанда деңгейіміз өскен. Өйткені чемпионатқа еліміздің әр өңірінен 7 команда қатысып жатыр. Жаңа командалар қосылды. ҚФФ жағажай футболына көңіл бөліп, жақсы жұмыстар атқарып жатыр. Ары қарай да осылай жұмыс істеледі деп сенемін.