Қазақстан футболшылары «Атлетико Мадридке» қарсы тамаша матч өткізді

QJL All Star командасы бұл ойынға дейін оңтүстік астанада оқу-жаттығу жиынын өткізіп, өзара түсіністігін арттырып, алаңдағы шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды.
Ойын алдында қатысушылар мен жанкүйерлерді Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров, Испанияның Қазақстандағы елшісі Франсиско Мартинес Монтес, Freedom QJ League қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов, Қазақстандағы «Атлетико» академиясының жетекшісі Шалқар Нұртілеу және QJ League президенті Рохус Шох құттықтады.
Кездесудің 9-минутында испаниялықтар сапынан Гонсало Гросс есеп ашты. Екінші таймда қазақстандықтар қарсы шабуылын күшейтіп, 58-минутта Мақсат Абраев тамаша соққымен таразы басын теңестірді. Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталып, пенальти сериясында «Атлетико» ойыншылары сәл ғана басым түсті.
Матчтан кейін ҚФФ президенті Марат Омаров футболшылардың жанкештілігі мен стадиондағы ерекше мерекелік атмосфераны атап өтті. Оның айтуынша, мұндай халықаралық деңгейді кездесулер отандық футболдың дамуына серпін береді.
«Жігіттер өз шеберлігін көрсетіп, жанкүйерлерге әдемі ойын сыйлады. Жас футболшылар еш жасқанбай, соңына дейін күресіп, қазақ футболының болашағы бар екенін көрсетті. Мұндай ойындар жанкүйерлерге эмоция ғана емес, сонымен қатар жас спортшыларға мінез қалыптастырып, жігер береді әрі жаңа белестерге жол ашады.
QJ League бүгінде ел мақтан тұтатын жобаға айналды. Оның басты мақсаты – балалар футболын дамытып, үлкен футболды армандайтын әр балаға тең мүмкіндік беру.
Жігіттерге жанкештілігі мен әдемі ойыны үшін алғыс айтамын. Алда оларды әлі талай жарқын жеңістер күтеді деп сенемін», – деді Марат Омаров