«Мақтаарал» – Түркістан облысының чемпионы

Алдымен аймақтық кезеңде ауылдық округтердің 186 командасы, яғни 3300-ге жуық ойыншы жасыл алаңда бақ сынады. Кейін облыстық кезеңде 3 қала мен 14 ауданның құрама командалары төрт аймаққа бөлініп, финалға жолдама үшін күресті.
Финалдың үш тур қорытындысы бойынша Мақтаарал ауданының командасы жеңіске жетіп, Түркістан облысының чемпионы атанды. Осы нәтижемен олар Жетісу облысында өтетін республикалық финалдық кезеңге жолдама алды. Күміс жүлдені Түркістан қаласының командасы, қола жүлдені Ордабасы ауданы иеленді.
Жарыс Қазақстан Республикасының Спорт күні мерекесіне орай ұйымдастырылды. Чемпионаттың марапаттау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жеңімпаздарды құттықтады:
«Бұл мереке – кәсіби спортшылар мен бапкерлерге ғана емес, спортты сүйетін, салауатты өмірді серік еткен баршаға ортақ күн. Түркістан өңірі әрқашан қазақ спортына серпін берген қасиетті аймақ. Біз жастарға қолдау көрсету арқылы ел болашағын нығайтамыз», – деді аймақ басшысы.
Финалдық матчтар өткен «Түркістан Аренада» нағыз футбол мерекесі орнады. Стадионға 4 мыңға жуық жанкүйер жиналып, өз өңірінің намысын қорғаған командаларды қызу қолдады.