Алматыда «Болашақ чемпиондары» жобасының таныстырылымы және ФИФА делегациясымен кездесу өтті

Бұл оқиға қазақстандық футбол үшін маңызды қадамға айналды. Ол дайындық әдістемесінің әлемдік стандарттарға сай екенін дәлелдеп, Қазақстанды ФИФА академияларының жаһандық желісіне енгізді.
Жаңа мәртебе үлкен мүмкіндіктерге жол ашпақ. Мәселен, бапкерлерге, скауттарға және менеджерлерге арналған тұрақты білім беру бағдарламаларынан бастап, жас футболшылардың халықаралық турнирлер мен алмасу жобаларына қатысуына жағдай жасайды. Сондай-ақ, отандық мамандар үшін әлемдік футболдың үздік сарапшыларымен тікелей тәжірибе алмасады.
Шараға ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртул, ұлттық құрамалар департаментінің директоры Руслан Балтиев, ФИФА делегациясы атынан техникалық директор Стивен Мартинс, ФИФА-ның таланттарды анықтау жөніндегі сарапшысы, «Арсенал» клубының және Англия құрамаларының скаутинг қызметінің бұрынғы жетекшісі Стивен Морроу, Қазақстандағы TDS сарапшысы Марьян Пахарь, сондай-ақ QJ League спорттық блогының өкілдері Игорь Шпанера мен Дмитрий Васильев қатысты.
Кездесудің басты оқиғасы ҚФФ-ның талантты жас футболшыларды іздеуге, дамытуға және қолдауға бағытталған «Болашақ чемпиондары» стратегиялық бағдарламасының таныстырылымы болды. Жоба 2026 жылдың басында іске қосылады. Ол дарынды спортшыларды жүйелі түрде даярлау базасын қалыптастыруға, Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер футболын жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған.
«Бұл біз үшін маңызды қадам. «Болашақ чемпиондары» бағдарламасы таланттарды даярлау жүйесін жаңа деңгейге шығаруға септігін тигізеді. Біз ФИФА-ға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіреміз. Қазақстанда болашақ футбол чемпиондарын тәрбиелеуге барлық жағдайды жасаймыз», - деді ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртул.
Кездесу соңында делегация өкілдері 2011 жылы туған академия тәрбиеленушілері мен «Жеңіс» клубының арасындағы матчты тамашалады. Ойын 5:0 есебімен академия пайдасына аяқталып, жас футболшылардың жоғары дайындық деңгейін және зор әлеуетін айқындады.