Марьян Пахарь: «Қазақстан футбол федерациясы академия FIFA талаптарына сай болу үшін барлық жағдайды жасады»

«Мен Қазақстанға бірінші рет келіп отырған жоқпын. Маған мұнда ұнайды. Бұл жолғы сапарымның екі негізгі себебі бар. Біріншіден, Қазақстан футбол федерациясының техникалық директоры Геннадий Скуртул және ҚФФ бас хатшысы Давид Лориямен кездестім. Екіншіден,Талғар қаласында ҚФФ академиясына FIFA академиясы мәртебесін беру рәсімі. 18 қыркүйекте өтетін бұл салтанатты шараға FIFA өкілдері де қатысады. Бұл – ел үшін ғана емес, FIFA үшін де үлкен оқиға.
Бұл бағыттағы жұмыс Арсен Венгер және оның командасының басшылығымен әлем футболына жасалған ғаламдық талдаудан басталды. Нәтижесінде дарынды ойыншыларды тәрбиелеу мен жасөспірімдерді дайындауда көптеген мәселелер анықталды. Осыдан кейін FIFA TDS (Talent Development Scheme) бағдарламасын құру туралы шешім қабылданды. Оның басты мақсаты – әр елге өз таланттарын дамытуға, кәсіби әдеттерді қалыптастыруға, деңгейін көтеруге және ұлттық құрамалар үшін мықты футболшыларды даярлауға көмектесу. Бұл болашақта бәсекеге қабілетті болу үшін, сондай-ақ үздік елдер мен деңгейі төмен елдер арасындағы айырмашылықты біртіндеп азайту үшін жасалды.
FIFA-ның ғаламдық идеясы – осы. Біз біреуге үйрету үшін келген жоқпыз, ешкімді ештеңеге мәжбүрлемейміз. Біз серіктестікке мүдделі адамдармен, федерациямен жұмыс істейміз. Қазір ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртулмен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Біз бірден тіл табыстық және ең бастысы, мәселелер жылдам шешіледі.
Қазақстан FIFA академиясы құрылатын Орталық Азиядағы бірінші ел, алғашқы еуропалық мемлекеттердің бірі болады. Ол ұзақ мерзімді жоба болып отыр. Алты айда немесе бірнеше айдың ішінде ойыншыны дайындау мүмкін емес, футболшының дамуы белгілі бір жаспен шектелмейді. Спортшы тең дәрежеде үнемі дамуы керек. Сондықтан TDS пен FIFA академиясы федерацияларға дамуға көмектесу және олардың әлеуетін толық ашуға жағдай жасау үшін бір жобада, үлкен стратегиялық жоспарда іске асады.
Бұрын Қазақстанға FIFA таланттар бапкері ретінде Стюарт Холл келген еді. Ол өз командасымен үлкен жұмыс атқарды. Белгілі бір негіз қалады. Енді соны дамыту қажет. Қазіргі басшылық осы бағытта қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.
Бұл салада үлкен өсім бар, бірақ шыдау қажет. Өйткені уақытты талап етеді. Футболшыны дамыту – шығармашылық процесс. Көп нәрсе бапкерлерге, персоналға байланысты. Әр маман өз үлесін қосқан кезде ғана футболшылардың дамуы байқалады.
Бір-екі талантты ойыншы кез келген жағдайда да шыға алады. Олардың қатарын көбейтіп, оқыту, бәсекеге қабілетті ету үшін осындай академия құрылып отыр.
Қазақстанда «Қайрат» футбол клубының мықты академиясы бар. Қазір ол флагман және тамаша үлгі. Бірақ сол деңгейге басқалар да жетуі керек. Қазақстанда оған мүмкіндік көп. Елдің зор ресурстары, бай дәстүрі мен мәдениеті бар. Біз бәрін дұрыс ұйымдастырып, барлық идеяны жүзеге асырғымыз келеді. Академия үлкен болашақ береді деп ойлаймын, оған сенемін, сіздердің басшылықтарыңыз да сенеді.
Қайта айтамын, біз мұнда біреуге үйрету үшін келген жоқпыз. Сіздер қалай жұмыс істеу керегін жақсы білесіздер. Бірақ біз әрқашан қолдау көрсетеміз.
Қазір біздің көмегімізбен скаутинг бөлімі ашылды. Біз мұнда осы департаменттің дамуына үлес қосқан мықты сарапшыны жібердік.
Менің ойымша, бірлескен жұмыс өте жақсы жүреді. Сондай-ақ Қазақстанға жаңа таланттар бапкері Виталий Астафьев келді. Оның ойыншы ретіндегі, сондай-ақ ұлттық құрамада, клубтарда және академияларда жұмыс істеген үлкен бапкерлік тәжірибесі бар.
FIFA академиясы мәртебесін алу үшін сол елдің федерациясы қойылған 54 критерийге сай болуы керек. Бұл ретте Қазақстан футбол федерациясы осы параметрлер бойынша жұмыс атқарып, талапқа сай болды. Өте үлкен жұмыс жасалды. Бірақ алда одан да көп іс күтіп тұр. Қазір елде сапалы ойыншылардың көбеюіне бастапқы қадам ғана жасалды.