Орталық Азия елдерінің төрелік комитеттері әріптестікті нығайтуда

Орталық Азия елдерінің төрелік комитеттері әріптестікті нығайтуда

16 қыркүйек 2025, 22:32
Алматыда Қазақстан футбол федерациясының Төрешілер комитетінің төрағасы Нуно Каштру мен Қырғыз футбол одағының Төрешілер комитетінің төрағасы Бахадыр Кочкаров кездесті.

Келіссөздердің негізгі мақсаты – ағымдағы ынтымақтастық шарттарын талқылап, бекіту, сондай-ақ футбол төрелігі саласындағы әріптестік байланыстарды нығайтудың негізі болып табылатын Меморандум жобасын дайындау болды.

Кездесу барысында тараптар келесі мәселелерге ерекше көңіл бөлді: төреліктің барлық деңгейлерінде – үлкен футбол, футзал, жағажай футболы, әйелдер футболы, балалар және жасөспірімдер футболында ынтымақтастықты дамыту және тәжірибе алмасу, төрешілерді даярлау академиялары мен орталықтарының қызметін жетілдіру, төрешілерге арналған бірлескен оқу-жаттығу жиындары мен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру, халықаралық жолдастық матчтарды, турнирлер мен жиындарды өткізу, сондай-ақ Азия футбол конфедерациясы аясында өтетін матчтарға төрешілерді тарту.

Сонымен қатар Қырғызстан мен Өзбекстанда сапарлар мен жұмыс кездесулерін ұйымдастыру мәселесі жеке тақырып ретінде қаралды. Бұл өзара іс-қимылдың ауқымын кеңейтіп, өңірдегі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қоюға дайындық жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Құжатқа Қазақстан футбол федерациясы, Қырғыз футбол одағы және Өзбекстан футбол қауымдастығының Бас хатшылары қол қояды деп жоспарлануда.

Тараптар бұл бастамалар төрелікті дамытуға маңызды қадам болып, бүкіл өңірде төрешілердің кәсіби деңгейін арттыратынына сенім білдірді.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары