UEFA «B-Fitness» дәрежесіне бапкерлік курсына қабылдау ашылды

UEFA «B-Fitness» дәрежесіне бапкерлік курсына қабылдау ашылды

16 қыркүйек 2025, 11:12
Қазақстан футбол федерациясының техникалық орталығы UEFA «B-Fitness» бапкерлік курсына қабылдау жариялайды.

Курс елімізде алғаш рет өтеді. Бұл фитнес дайындығы бойынша мамандар мен футбол жаттықтырушыларына еуропалық стандарт бойынша Қазақстанда білім алуға жасалған бірегей мүмкіндік.

Курс бағдарламасы УЕФА тарапынан әзірленіп, аккредиттелген. Қатысушыларды отандық және халықаралық жетекші сарапшылар оқытады.

Курсқа қатысуға өтінім беру үшін Қазақстан футбол федерациясы ресми сайтының «Техникалық орталық» бөліміне өтіп, тіркеу нысанын толтырып, қабылдау талаптарына сәйкес барлық қажетті құжатты жіберу керек.

Кандидаттар төменде көрсетілген талаптарға сай болуы тиіс:

1. UEFA «C» немесе одан жоғары жарамды лицензиясы болуы;

2. Жоғары кәсіби дене шынықтыру білімі болуы ( «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесі);

3. Футболдағы фитнес-жаттықтырушы ретінде кемінде үш жылдық еңбек өтілі болуы (кәсіпқой немесе жастар командаларында 11х11 форматында);

4. Курс өтетін ресми тілді (қазақ немесе орыс тілін) ауызша және жазбаша меңгеру;

5. Құжаттар топтамасын ұсыну: ойыншы және жаттықтырушы ретіндегі мансабы көрсетілген түйіндеме, жеке куәлік немесе паспорт, наркологиялық диспансерден анықтама, психоневрологиялық диспансерден анықтама, сотталмағаны туралы анықтама;

6. Футбол бойынша тәжірибелік сабақтарға қатысуға қарсы көрсетілімі жоқтығын растау (денсаулығы туралы медициналық анықтама);

7. Курс барысында ҚР-да тиісті деңгейдегі футбол құрылымдарының бірінде фитнес-жаттықтырушы болып тұрақты жұмыс істеуі;

8. Барлық талап тең болған жағдайда, Қазақстан Премьер лигасы клубтары мен ұлттық құрамаларында жұмыс істейтін кандидаттарға басымдық беріледі.

Курсты 2026 жылдың сәуірінде бастау жоспарланған. Оқыту құны туралы ақпарат құжаттарды қабылдау аяқталған соң жарияланады.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары