ҚФФ өкілдері FIFA делегациясына академияны дамытуға бағытталған жаңа философияны таныстырды

ҚФФ өкілдері FIFA делегациясына академияны дамытуға бағытталған жаңа философияны таныстырды

22 қыркүйек 2025, 14:43
Алматыда Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) академиясының жаттықтырушылар штабы FIFA жоғары жетістіктер департаментінің жетекшісі Ульф Шотт бастаған делегациямен кездесті.

Жиынға ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртул, ұлттық құрамалар департаментінің директоры Руслан Балтиев, FIFA сарапшылары Марьян Пахарь мен Стюарт Холл, сондай-ақ академияның бапкерлері қатысты.

Кездесуде ҚФФ академиясын дамыту және оны FIFA-ның Talent Development Scheme (TDS) жаһандық бағдарламасына интеграциялау мәселесі талқыланды. Бағдарлама  әлемдік деңгейдегі ойыншыларды даярлау және Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер футболының тұрақты жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртул және бапкерлер құрамы академияның жаңа философиясын таныстырды. Ол ойыншыларды даярлау әдістемесін және ойын моделін қамтиды. Бұл футболшыларды дамыту мен халықаралық стандарттарға сай кәсіби орта құрудың негізі болмақ.

2026 жылдың көктемінен бастап академия жүйесіне «Болашақ чемпиондары» жобасы енгізіледі. Бұл жоба ел бойынша жас ойыншылар үшін ашық әрі тиімді жол қалыптастырудың негізгі құралына айналмақ.

FIFA жоғары жетістіктер департаментінің басшысы Ульф Шотт академия жұмысына жоғары баға берді:

«КФФ академиясы жоғары дайындық деңгейін және футболшыларды қалай тәрбиелеу керегін айқын түсінетінін көрсетті. FIFA академияға толыққанды қолдау көрсетуге, оны жаңа әдістемелерге сәйкес алып жүруге және жан-жақты көмек беруге дайын», деді ол.

FIFA сарапшысы Марьян Пахарь жұмыстың маңыздылығын атап өтті:

«Жүйені дамыту – бұл ұзақ жол. Ол шыдамдылықты, бірізділікті және барлық қатысушының бірлескен жұмысын қажет етеді», деді ол.

Өз кезегінде Геннадий Скуртул ұлттық құраманың басты мақсаты нәтиже көрсету, ал жасөспірім командаларының мақсаты ойыншыларды дамыту екенін айтты. Ол сонымен қатар академияларды, клубтарды және футбол орталықтарын біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа іске қосылатынын хабарлады. Селекция бөлімі ел бойынша дарынды жастарды іздеумен айналысатын жиырма скаутқа дейін кеңейтіледі. Бұдан бөлек, академиядан ұлттық құрамаға дейінгі футболшыларды даярлаудың тұтас жүйесін қамтитын «Құрамалар институты» құрылуда.

Қазақстан FIFA TDS бағдарламасы аясында футбол дамуының жаңа кезеңіне қадам басуда. Негізгі мақсат – әрбір ойыншыға жеке даму жоспары жасалып, халықаралық стандарттарға сай жағдайда жаттығатын тұрақты дайындық жүйесін құру.

«Болашақ чемпиондары» жобасының интеграциясы болашақта ұлттық құраманың көшбасшылары болатын жас дарындарды табуға және дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Олар Еуропаның үздік командаларымен бәсекелесіп, Қазақстанды халықаралық аренада лайықты таныстыра алады.

FIFA-ның жоғары жетістіктер департаменті таланттарды, жасөспірімдер мен элиталық футболды дамытуға бағытталған жаһандық бағдарламаларды үйлестіреді. Оның міндетіне әлемдік деңгейдегі ойыншыларды даярлау әдістемелерін жасау, ұлттық қауымдастықтар мен академияларға үздік тәжірибелерді енгізу және футболды тұрақты дамытуға арналған жобаларды үйлестіру кіреді.

Департамент басшысы Ульф Шотт – элиталық ойыншыларды даярлау жүйелерін құруда көпжылдық тәжірибесі бар маман. Ол FIFA-ның осы саладағы стратегиясына барлық құрлықта жауап береді.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары