ҚФФ академиясы ФИФА таланттар академиясы мәртебесін алды

ҚФФ академиясы ФИФА таланттар академиясы мәртебесін алды

18 қыркүйек 2025, 18:31
18 қыркүйек күні Талғар қаласында Қазақстан футбол федерациясы академиясына FIFA Talent Academy мәртебесін беру рәсімі өтті.

Қазақстан футбол федерациясы FIFA таланттар академиясы мәртебесіне ие болған әлемдегі тоғызыншы қауымдастық, ал УЕФА-дан екінші ұйым атанды. Жоба ҚФФ мен ФИФА-ның жас футболшыларды халықаралық стандарттарға сай дайындауға бағытталған тығыз әріптестігінің нәтижесінде жүзеге асып отыр.

Салтанатты шараға ФИФА-ның ғаламдық даму директоры Стивен Мартенс, ҚФФ бас хатшысы Давид Лория, Қазақстандағы ФИФА таланттар жаттықтырушысы Виталий Астафев, FIFA High Performance жобасының басшысы Ульф Шотт, ФИФА аңызы, Франция құрамасы сапында әлем және Еуропа чемпионы Кристиана Карамбе, отандық футбол ардагерлері мен академия тәрбиеленушілері қатысты.

Салтанатты іс-шара отандық футбол ардагері Құралбек Ордабаевтың сөзімен басталды:

«1994 жылы Қазақстан футбол федерациясы ашылып, ФИФА-ның толыққанды мүшесі болды. Міне, ұзақ уақыттан кейін ФИФА-ның қолдауымен балалар мен жасөспірімдеріміздің жолын ашуға, таланттарын анықтауға бағытталған академиямыз ашылды. Бүгінгі күні істеліп жатқан жұмыс - ертеңгі қазақ футболының болашағы. Академияның түлектері болашақта отандық футбол клубтары мен Қазақстан ұлттық құрамасының атын әлемге шығарады деп сенемін», – деді Ордабаев.

ФИФА президенті Джанни Инфантино бейнеүндеу жолдап, жас ойыншыларға арналған жобаның маңызын атап өтті:

«ФИФА таланттар академиясы жас ойыншылардың арманына жету жолындағы маңызды қадам. Бұл жергілікті жас таланттардың жолын ашып, ары қарай дамуына үлесін тигізеді. Нәтижесінде ұлдар мен қыздарға аймақтық қана емес, ғаламдық деңгейде де өздерін көрсетуге жол ашылады.

Біз футбол арқылы әлеуметтік және тұлғалық дамуға, командалылық жұмыс пен көшбасшылық қасиеті секілді құндылықтарды сіңдіруге әрі жан-жақты тұлға етіп тәрбиелеуге бас назар аударамыз. Осылайша, жас ойыншылар тек алаңда жетістікке жетіп қана қоймай, қоғамға пайдалы әрі жауапты азамат болып қалыптасады», – деді ФИФА президенті.

Сондай-ақ ФИФА-ның ғаламдық футболды дамыту жөніндегі директоры Стивен Мартенс те құттықтау сөзін арнады:

«Бүгін – Қазақстан футболы үшін маңызды күн. Қазақстан футбол федерациясының академиясы FIFA Talent Academy мәртебесін иеленген Орталық Азиядағы тұңғыш және әлем бойынша тоғызыншы ұйым атанып отыр. ФИФА-ның Қазақстандағы таланттарды дамыту бағдарламасы кәсіби деңгейде де, ұлттық құрама үшін де сапалы ойыншыларды даярлауды көздейді.

Бұл жобаның болашағы зор. Тек жемісін көру үшін оған уақыт беру қажет», – деді Мартенс.

ҚФФ бас хатшысы Давид Лория елімізде ФИФА таланттар академиясының ашылуы балалар мен жасөспірімдер футболынн дамыту үшін тұрақты жүйе қалыптастырудағы маңызды қадам екенін айтты:

«Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан футболы жаңа деңгейге шығу керегі жайлы бірнеше рет атап өтті. Өңірлердегі футбол инфрақұрылымының жақсаруы, жаңа стадиондардың құрылысы және адами капиталдың дамуы, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық футболды өркендету жайында айтты. Бүгінгі айтылу оқиға еліміздегі футболдың дәл осы бағыт пен стратегияға сай дамып келе жатқанын көрсетеді.

Академиямызға ресми түрде FIFA Talent Academy мәртебесінің берілуі – халықаралық футбол қауымдастығының бізге көрсеткен сенімі әрі үлкен жауапкершілік.

Футболдың болашағы бір сәттік нәтижеге емес, жастармен жүйелі жұмыс істеуге негізделуі керек екенін айтып келеміз. Бүгін дұрыс жолда екеніміздің айқын көрінісі.

ФИФА-ға артқан сенімі үшін алғыс білдіремін. Бұл жоғары мәртебені ақтау үшін біз бар күшімізді салып еңбек етіп, Қазақстанды халықаралық аренада лайықты таныта алатын жаңа буын футболшыларын тәрбиелеуді жалғастырамыз», – деді Лория.

Іс-шараның ресми өкілдері сөз сөйлегеннен кейін ФИФА өкілдері ҚФФ басшылығына FIFA Talent Academy мәртебесі берілгенін айшықтайтын арнайы белгіні табыстады.

Салтанатты бөлімнен кейін ҚФФ академиясының екі командасы ашық жаттығу мен жолдастық кездесу өткізді. Ал іс-шараның ресми жабылу салтанатына Франция құрамасы сапында әлем және Еуропа чемпионы атанған Кристиан Карамбе мен отандық футбол ардагерлері қатысты.

Шара соңында футбол ардагерлері Құралбек Ордабаев, ФИФА аңызы Кристиан Карамбе, сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншылары Самат Смақов пен Дмитрий Бяков ҚФФ академиясының жас футболшыларына ФИФА-дан арнайы медаль мен естелік сыйлықтарды табыстады.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары