Қостанайдағы «Тобыл арена» ALAÑ бағдарламасы аясында жаңғыртылды

Жаңа жасанды төсеніш төселген алаң заманауи талаптарға сай жабдықталып, спортшылар мен жасөспірімдерге қолжетімді болды.
Ашылу салтанатына БЖСМ басшысы Дәурен Жатеков, «Тобыл» футбол клубының директоры Дәулет Сағиев, спорт директоры Әлішер Апсалямов, Қостанай облыстық футбол федерациясының вице-президенті Болат Ысқақов, «Тобыл» ФК менеджері Марат Күзембаев, сондай-ақ «Атырау» ФК бас менеджері Дидар Сыдықбек қатысты.
Рәсім барысында лентаны Дәурен Жатеков пен Дидар Сыдықбек қиып, алғашқы голдың авторы Болат Ысқақов болды.
Жаңғырту жұмыстары аясында алаңға CCGRASS компаниясының жасанды төсеніштері төселді. Бұл жабынды FIFA Preferred Provider сертификатына ие және UEFA халықаралық стандарттарына толық сәйкес келеді. Жаңа газон спортшыларға қауіпсіздікті, жайлылық пен төзімділікті қамтамасыз етіп, кәсіби де, әуесқой да деңгейдегі жарыстарға қолайлы жағдай жасайды.
Қазақстан футбол федерациясының ALAÑ жобасы еліміздегі футбол инфрақұрылымын жақсартып, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Жоба аясында жаңа стадиондар салынып, қолданыстағы нысандар қайта жаңартылуда. Бұл өз кезегінде өңірлердегі балалар мен жасөспірімдердің футболға қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.