Көкшетауда FIFA Arena бағдарламасы аясында салынған футбол алаңы ашылды

Көкшетауда FIFA Arena бағдарламасы аясында салынған футбол алаңы ашылды

16 қазан 2025, 19:25
Көкшетау қаласында халықаралық FIFA Arena бағдарламасы аясында салынған алғашқы футбол алаңының ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл – ФИФА-ның балалар футболын дамытуға және заманауи спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға бағытталған бастамасы.

Іс-шараға ФИФА-ның ұлттық қауымдастықтармен жұмыс жөніндегі директоры Эльхан Мамедов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, сондай-ақ ұлттық құраманың және көкшетаулық «Оқжетпес» клубының ойыншылары Даурен Жұмат пен Қажымұқан Төлепберген қатысты.

FIFA Arena бағдарламасы аясында әлемнің әр елінде ФИФА стандарттарына сай 1000 шағын футбол алаңының құрылысы жоспарланған. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Пилоттық жоба шеңберінде Көкшетаудан бөлек, Ақтөбе облысының Хромтау қаласында да осындай алаң ашылмақ. Жалпы, Қазақстан бойынша мектеп оқушыларына арналған 100 шағын алаң салу жоспарланып отыр.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров бұл бастаманың маңызына тоқталды:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында бұқаралық спортты, балалар спорты инфрақұрылымын дамыту туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында ҚФФ ФИФА-мен шағын футбол алаңдарын салу туралы келісімге келіп, бүгін соның алғашқысын Көкшетау қаласында ашып отырмыз.  FIFA Arena арена жай ғана спорттық инфрақұрылым емес, армандар орындалатын жаңа кеңістік. Мұнда балалар тек футбол ойнап қоймай, еңбекқорлықты, тәртіпті және командалық рухты үйренеді. Алаң заманауи технологиямен жабдықталған барлық қауіпсіздік талаптарына сай салынып, балалардың тиімді әрі жайлы жаттығу жасауына мүмкіндік жасалған», деді М.Омаров.

ФИФА-ның ұлттық қауымдастықтармен жұмыс жөніндегі директоры Эльхан Мамедов әлемдік жоба туралы айтты:

«Өздеріңізге белгілі, FIFA Arena жобасын ФИФА президенті Джанни Инфантино бастамашы болып қолға алған. Ол алдағы уақытта әлем бойынша мыңдаған футбол алаңдарын салып беруге уәде берді. Біз Қазақстан футбол федерациясының бұл жобаны қысқа мерзімде қолдағанына қуаныштымыз. Бүгін ҚФФ-мен бірлесе отырып, футбол алаңын 900-ге жуық оқушы білім алатын сіздің мектепке тарту етіп отырмыз. Бұл алаңда балалар сабақтан кейін футбол ойнап, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік алады. Дәл осы алаңдарда болашақта Қазақстанның атын халықаралық аренада танытатын жұлдыздар өсіп шығады деп сенемін», деді Э.Мамедов.

Жоба FIFA мен Қазақстан футбол федерациясының ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылды. Өз кезегінде ФИФА алаңдарға арналған жабдықтар мен жасанды жамылғыны жеткізуді, алаңдарды құрастыруды қамтамасыз етсе, ҚФФ алаң негізін дайындауға, инфрақұрылымды орнатуға және жергілікті жұмыстарды үйлестіруге жауапты.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл алаң өскелең ұрпақтың футболға қызығушылығын арттырып қана қоймай, әлемдік спорт ареналарын бағындыруға мүмкіндік береріне сенім білдірді:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Бұқаралық спортсыз дені сау жастарды тәрбиелеу және бүкіл ұлттың денсаулығын нығайтуға қол жеткізу мүмкін емес» деген болатын. Бүгінгі ашылған алаң тек спорттық нысан емес , бұл біздің болашағымызға, балалар мен жастардың денсаулығы мен дамуына жасалған инвестиция. ФИФА ұйымына аймақтың бұқаралық спортты дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс айтамын. Халықаралық ынтымақтастық арқасында біз әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымға қол жеткіздік», деді М.Ахметжанов.

FIFA Arena жобасы – ҚФФ-ның балалар мен жасөспірімдер футболына арналған заманауи, қолжетімді және қауіпсіз инфрақұрылым құруға, бұқаралық спортты дамытуға және өскелең ұрпақтың спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған стратегиялық бағыттарының бірі.

Жиын соңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровқа Көкшетауда салынатын жаңа футбол стадионының жобасын таныстырды

Болашақ арена УЕФА-ның төртінші санатына сай салынбақ. Ол өз кезегінде  халықаралық дәрежедегі матчтарды өткізуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары