FIFA-ның техникалық сарапшысы Қазақстанның U-15 құрамасының оқу-жаттығу жиынымен танысты
Қазақстанға алғаш келген FIFA-ның техникалық сарапшысы Дариуш Пасьека U-15 құрамасының жаттығу деңгейін жоғары бағалап, жас ойыншылар мен бапкерлердің дайындығындағы оң өзгерістерді атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық жас футболшылардың әлеуеті зор, жүйелі әрі ұзақ мерзімді жаттығу нәтижесінде олардың деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар спорттағы жетістікке жаттығу ғана емес, жан-жақты дамудың да әсері зор екенін атап өтті.
«Балалар үшін ең маңыздысы – мектептегі білім. Біз ойыншылардың тек футболдағы емес, мәдениет пен білім беру жағынан да дамуына жауаптымыз. Яғни, оларды жақсы адам ретінде де, жақсы спортшы ретінде де тәрбиелеуіміз керек. Содан кейін ғана футболшы ретінде дамуы тиіс», деді.
Сонымен қатар, Пасьека жас ойыншыларға футбол техникасын ерте жастан меңгерудің маңызын түсіндірді:
«Мен үшін ең маңыздысы – техника. Егер ойыншы жас кезінде техника жағынан дамымаса, ересек кезде жоғары деңгейде ойнауы екіталай. Қазіргі таңда әр командада талантты ойыншылар бар, біз олармен жеке жұмыс істеуіміз керек, сондай-ақ басқа ойыншыларға да өз мүмкіндігін дамытуға жағдай жасауымыз қажет. Бүгін сіздермен жан-жақты жұмыс істеп, ертең Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ойнайтын бірқатар футболшыны дайындаймыз», деді.