Хромтау қаласында FIFA Arena бағдарламасы аясында жаңа футбол алаңы ашылды

Хромтау қаласында FIFA Arena бағдарламасы аясында жаңа футбол алаңы ашылды

21 қазан 2025, 18:30
Ақтөбе облысының Хромтау қаласында халықаралық FIFA Arena бағдарламасымен салынған жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді.

Бұл FIFA ұйымының қолдауымен жүзеге асырылып, балалар футболын дамыту мен өңірлерде заманауи спорттық инфрақұрылымды арттыруға бағытталған.

Салтанатты шараға Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория, Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов және Ақтөбе облыстық футбол федерациясының президенті Асхат Қалжанов қатысты.

Бұл – елімізде FIFA Arena бағдарламасымен бой көтерген екінші нысан. Айта кету керек, алғашқы алаң 16 қазанда Көкшетау қаласында ашылды. Алдағы уақытта дәл осындай 100 шағын футбол алаңын салу жоспарланып отыр.

Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория тұрғындарды жаңа алаңның ашылуымен құттықтап, бағдарламаның маңызына тоқталды: 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында бұқаралық спортты және балалар спорты инфрақұрылымын дамыту жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл алаң оқушылардың сүйікті мекеніне айналып, бос уақыттарын тиімді өткізетін, спортпен шұғылданатын жер болады деп сенемін», деді Давид Лория.

Айта кету керек, FIFA Arena бағдарламасы – Қазақстан футбол федерациясының стратегиялық бағыттарының бірі. Ол балалар мен жасөспірімдер футболына арналған заманауи, қауіпсіз әрі қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыруға, бұқаралық спортты дамытуға және жастардың салауатты өмір салтына қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Бөлісу

Жаңалықтар

17 қаз., 11:11
Жоғары