Андрей Ферапонтов: «Бізде жоғары деңгей көрсететін команда бар»

Андрей Ферапонтов: «Бізде жоғары деңгей көрсететін команда бар»

07 қараша 2025, 20:00
Қазақстанның жастар құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінің Словакия мен Молдоваға қарсы ойындарға дайындық жүргізіп жатыр. U-21 құрамасының уақытша бас бапкері Андрей Ферапонтов Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) баспасөз қызметіне берген сұхбатында  жеке және командалық мақсаттары туралы айтып, кейбір кадрлық шешімдердің себептерін түсіндірді.

Андрей Святославович, ең алдымен, жастар құрамасымен жұмыс барысында жеке мақсаттарыңыз қандай?

– Ең алдымен, жастар құрамасымен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. ҚФФ басшылығына маған берген мүмкіндігі үшін ризамын және маған артылған сенімнің күштілігін жақсы білемін. Біз алға үлкен мақсат қойдық: жігіттерді дамыту, оларға қажетті дағдылар қалыптастыру, шеберлік пен тәжірибе беру. Бұл екі ойында мүмкіндігімізше максимум ұпай жинауға тырысамыз. Менің жеке және командалық мақсаттарым бір – алға даму, мықты қарсыластармен ойындарда халықаралық тәжірибе жинау, футболдық білімге арттыру.

– Келесі қарсылас Словакия мен Молдова құрамасын зерттедіңіз бе? Олардың ойынында қандай ерекшеліктерді атап өтуге болады?

– Әрине, қарсыластарды зерттеп, талдаймыз. Олардың күшті және әлсіз жақтарын білеміз. Ең жақсы қасиеттерінің бірі –командалық әрекеттерді жақсы ұйымдастыра алады. Екі команда да заманауи, жылдам, комбинациялық футбол ойнайды. Әр команданың әр позицияда жеке дара мықты ойыншылары бар.

– Сіздің бапкерлік штаб құрамына Елдос Ахметов кірді. Оның функциялық қызметі қандай және ол ойыншылармен коммуникация жағынан маңызды тұлға бола ала ма?

– Иә, ол командалық атмосфераны құруда көп көмектеседі. Ойыншылармен жеке әңгімелеседі, өз ойын тәжірибесімен бөліседі. Жаттығу процесінде, теориялық дайындықта, ойындар мен жаттығуларды талдауда көмектеседі. Оның тағы бір артықшылығы, ойынға жаттығу жасағанда өз үлгісімен көрсетеді. Сонымен қатар, үнемі позитивті болуы мен коммуникация деңгейін де атап өткен жөн. 

– Құрамға Шахмырза Адырбеков шақырылды. Ол дебютант, неліктен оны таңдадыңыз және оның Еуропа чемпионатында ойнауы әсер етті ме?

– Шахмырзаны шақыруымыздың себебі, оның ойын сапасын жақынырақ көру, жаттығу процесінде және бақылау кезінде ойынынын бағалау. Оның өз ойын ерекшеліктері бар, ол өзін көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жасы да келесі іріктеу циклында жастар құрамасына сай келеді, яғни болашағын қарастырып отырмыз. Жаттықтыру және оқу процесінде өзін жақсы көрсетіп жатыр.

– Сонымен қатар, Рауль Аллахвердиев құрамға шақырылды. Қазір ол Испанияда ойнайды. Бұл оның дамуына әсер етті деп айтуға бола ма?

– Мен Раульді «Оқжетпес» командасында ойнаған кезінен білемін. 2024 жылғы маусымда ол «лимиттік» ойыншы ретінде өнер көрсетті. Оның футбол  дағдылары мен кәсіби қасиеттерін жақсы білемін. Дұрыс даму жағдайында ол ұлттық құраманың ойыншысына айналуы мүмкін. Менің міндетім – оған осы жолда көмектесу. Раульдің Испания чемпионатында ойнауы оны жақсы деңгейге шығарады,  өсуге мүмкіндік береді, қосымша артықшылықтарды да қосады.

– Іріктеу циклының үш ойыны артта қалды, Еуропа чемпионатының финалына шығу мүмкіндіктері туралы не айта аласыз?

– Іріктеу циклінің сәтті аяқталуы үшін сенім мен үміт әрдайым болуы керек. Бізде жақсы, амбициясы жоғары команда бар. Олар жоғары дәрежедегі  ойынды көрсетуі керек. Сол кезде ғана жанкүйерлер, басшылық және ойыншылар күткен нәтижеге жетуге болады!

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары