Бауыржан Сағындық: «Скаутинг жүйесі дұрыс құрылса, жаттықтырушылар талантты балаларды тезірек табады»

Бауыржан Сағындық: «Скаутинг жүйесі дұрыс құрылса, жаттықтырушылар талантты балаларды тезірек табады»

04 желтоқсан 2025, 15:39
Қазақстан U-17 жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Бауыржан Сағындық ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында FIFA қолдауымен елімізде алғаш рет өткен скаутинг пен таланттарды анықтауға арналған білім беру семинарынан алған әсерімен бөлісті.

– Қазақстанда алғаш рет өткен скаутинг және таланттарды анықтау семинары аяқталды. Іс-шара қандай атмосферада өтті? Семинар туралы не айта аласыз?

– Семинар жұмысқа бағытталған, белсенді атмосферада өтті. Барлық қатысушы сабаққа зейін қойып, потенциалы жоғары, нәтижелі ойын көрсететін ойыншыларды байқауды үйрендік. Бұл – ең күрделі жұмыс, өйткені оған көптеген фактор әсер етеді. Қатысушылар көкейдегі сұрағын қойып, тәжірибесімен бөлісті. Қазақстанда скаутинг пен ойыншыларды іріктеу тақырыбының өте өзекті екені анық көрінді.

– Қазақстан жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы ретінде скауттық жұмыстарды қалай бағалайсыз? Бұл ұлттық құрамаға ойыншы таңдауда қалай көмектеседі? 

– Оның көмегі зор. Скауттық жүйе дұрыс құрылса, жаттықтырушы талантты балаларды тез табады, өңірлерден шыққан ойыншыларды жіберіп алмайды, әр футболшы туралы кеңінен ақпарат алады. Бұл уақытты үнемдейді және іріктеуді сапалы етеді. Нәтижесінде құрамаға бәсекеге қабілетті ойыншылар келеді.

– Федерация жүргізіп жатқан таланттарды анықтау жұмысы Қазақстандағы балалар-жасөспірімдер футболына қандай мүмкіндік ашады?

– Ең бастысы – жүйелілік пен тәртіп болады. Скауттар балаларды жылына бір рет емес, тұрақты түрде бақылап отырады. Ойыншылар базасы жасалады, әрқайсының даму динамикасы белгілі болады. Бұл жас футболшыларға назарға ілігуге мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімде бұл еліміздің балалар-жасөспірімдер футболының деңгейін көтереді.

– Семинардың қонағы «Арсеналда» және Англия футбол федерациясында жұмыс істеген Стив Морроу болды. Онымен жұмыс істеу қандай әсер қалдырды? Одан не үйрендіңіздер?

– Елге өз саласында мықты мамандардың шақырылатынына өте қуаныштымын. Ол әдетте жоғары деңгейде ғана берілетін дүниелерді өте қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізді. Еуропада ойыншыларды қалай бағалайтынын, нені ескеретінін, скаутингті қалай құратынын көрсетті. Бірден жұмысымызда қолдануға болатын көптеген тәжірибелік кеңес берді. Оның көмектесуге және тәжірибесімен бөлісуге шын ниетті екені анық көрінді.

Бөлісу
Жоғары