Стив Морроу: «Қазір басталған жұмыс бірер жылда өз нәтижесін береді»
– Қазақстанға қайта келгеніме қуаныштымын. Бұл – менің үшінші сапарым. Соңғы бірнеше күн өте жемісті өтті. Бұрынғы екі сапарым, негізінен, Қазақстандағы жасөспірімдер футболының қазіргі жағдайын, жалпы даму жүйесін, таланттарды анықтау бағыты қай деңгейде тұрғанын түсінуге арналды. Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясына болашақта қандай бағытта көмектесе алатынымызды талқыладық. Қазір өтіп жатқан семинар да дәл осы туралы. Біз федерация басшылығымен шамамен төрт күн бойы бірге жұмыс істеп, елдегі ең қабілетті балаларды анықтайтын жүйе мен құрылымды қалай құруға болатынын қарастырып жатырмыз. Бұл таланттарды бір арнаға тоғыстырып, оларды дамыту жолдарын, сондай-ақ Қазақстан құрамасының және жалпы қазақстандық футболдың Еуропа мен УЕФА деңгейінде бәсекеге қабілетті болуына қалай ықпал етуге болатынын талқылап жатырмыз.
Менің ойымша, бұл бағытта федерация соңғы жылдары айтарлықтай жұмыс атқарған. Бізде алға қойған нақты мақсат пен даму бағыты бар. Ендігі мақсат – осы жүйені жүзеге асыруға қажетті дұрыс құрылым қалыптастыру, нақты процесті жолға қою және соған қажетті мамандарды іріктеп, оларды ең жоғары деңгейде оқыту.
Таланттарды анықтау мен ойыншыны дамыту саласы соңғы жылдары қатты өзгеріп, жаңа деңгейге көтерілді. Бұл жерде ең маңыздысы – ойыншыларды бақылау жүйесімен (players observation) дұрыс жұмыс істей білу. Біз қазір ойыншылар туралы өте көп ақпарат жинай аламыз. Бұл мәліметтер бізге олардың қазіргі деңгейін көруге, басқа елдердің таланттарымен салыстыруға мүмкіндік береді. Дерек көп, бірақ ең бастысы – оны дұрыс пайдалану. Бұл – өте үлкен әрі маңызды жұмыс.
Нәтиже көп факторға байланысты. Бұл жерде жұмыс істейтін мамандардың амбициясы, ниеті, еңбекқорлығы өте маңызды. Бірдей құрылымды екі елге енгізуге болады, бірақ бір ел оны тез игерсе, екіншісі баяу дамуы мүмкін. Сондықтан процесс сол елдің ішкі жағдайына да байланысты. Біз бір нәрсені түсінуіміз керек: егер біз бүгін ең үздік жас футболшылармен жұмыс істей бастасақ, олардың жоғары деңгейге шығуына кем дегенде үш-бес жыл уақыт керек. Біз дәл осындай уақыт шеңберін қарастырамыз. Егер жұмысты бүгін бастасақ, нәтиженің алғашқы белгілерін келесі U15, U16, U17 құрамаларынан көре бастаймыз. Яғни нақты жетістіктер бірнеше жылдан кейін байқалады.