Евгений Свешников: «Talent ID жүйесін – отандық футболдың болашағына жасалған маңызды қадам»

Евгений Свешников: «Talent ID жүйесін – отандық футболдың болашағына жасалған маңызды қадам»

01 желтоқсан 2025, 20:39
ҚФФ элиталық жасөспірімдер футболы бөлімінің жетекшісі Евгений Свешников Астанада өтіп жатқан таланттарды анықтау бойынша Қазақстандағы алғашқы воркшоп туралы пікірін айтты.

– Қазақстанда алғаш рет таланттарды анықтау бойынша воркшоп өтіп жатыр. Жалпы, жұмыс қалай өтіп жатыр, біздің тыңдаушылар мен көрермендер қандай қызық ақпарат ала алды?

– Иә, бәрі дұрыс, бұл – Қазақстандағы алғашқы воркшоп. Өте қызық өтіп жатыр. Біз мұнда футбол саласындағы ең білікті мамандарды шақырдық: U-17 құрамасының бас бапкерін, КФФ Академиясының бас бапкерін, сондай-ақ Булат Есмағамбетов, Иван Геннадьевич Азовский, Владимир Андреевич Никитенко сияқты мамандарды. Біз қазір нақты talent ID бойынша оқытуды бастап кеттік, яғни 16 жасқа дейінгі жас футболшыларды анықтау процесін. Барлығы жоспарға сай, үш күнге арналған бағдарлама толық орындалып жатыр.

Оқыту екі бөлімнен тұрады. Таңертең – теория, ал практикалық бөлігі түстен кейін өтеді. Практика үшін арнайы турнир ұйымдастырдық. КФФ элиталық жасөспірімдер футболы бөлімімен бірге «Talent ID Cup» деген турнир өткіздік. Бұл – Солтүстік өңірдің аймақтық турнирі. Мұндай турнирлерді келесі жылы басқа аймақтарда да өтеміз деп жоспарлап отырмыз. Қазір осы кезеңде біз 2013 жылы туған футболшыларды бақылап, оларды дерекқорға енгізу үшін бағалап жатырмыз. Болашақта оларды аймақтық орталықтарға тартып, дамыту жұмыстары жүргізіледі.

Бұл жұмыстың барлығы ҚФФ пен Техникалық департаменттің футболды дамыту стратегиясына сай жүргізіліп жатыр. Үш күн ішінде болашақ скауттарға жеткізу керек деп жоспарлаған барлық материалды теорияда да, практикада да көрсетіп жатырмыз. Сонымен қатар британдық маман Стив Марроу арнайы шақырылған спикер ретінде қатысып отыр. Оның жас футболшылармен жұмыс істеуде, «Арсенал» академиясында және Англия федерациясында жинаған тәжірибесі өте үлкен.

– Оның тәжірибесі біздің тыңдаушыларға қаншалықты пайдалы? Осы үш күнде қандай ерекше дүниелермен бөлісті?

– Әрине, таланттарды анықтау және скаутинг бөлімі бізде жаңа бағыт болғандықтан, Стивтің айтып жатқан барлық ақпараты біз үшін өте құнды. Өзіңіз айтқандай, оның тәжірибесі 25 жылдан асады. «Арсеналда» жұмыс істеді, көптеген елде халықаралық семинарлар жүргізіп, өз әдістемесін бөліскен.

Оның бізге жеткізіп жатқан білімінің барлығы – Қазақстанда Talent ID жүйесін дамытуға өлшеусіз үлес қосып жатыр. Стив – өз ісінің шебері, өте тәжірибелі маман. Әрі қарай да бізге көмектеседі деп ойлаймын. Бұл воркшоп – тек бастамасы. Бұл шолу және таныстыру деңгейіндегі семинар, бірақ біздің жұмыс жалғасады. Сол бағытта скауттарды оқытып, дамыту жұмыстарын жүргізе береміз.

Келесі жылдан бастап скауттарды нақты түрде оқытуды бастаймыз. Бұл тек Астанада ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларында да өтетін болады.

Бөлісу
Жоғары