ҚФФ өкілдері «Болашақ чемпиондары» жобасы аясында Семейге жұмыс сапарымен барды

ҚФФ өкілдері «Болашақ чемпиондары» жобасы аясында Семейге жұмыс сапарымен барды

25 желтоқсан 2025, 22:31
Қазақстан футбол федерациясының техникалық директоры Геннадий Скуртул мен ҚФФ Ұлттық құрамалар департаментінің директоры Руслан Балтиев Семей қаласына жұмыс сапарымен барды.

Бұл - ҚФФ-ның «Болашақ чемпиондары» стратегиялық  жобасын таныстыру және федерацияның өңірлік академиялары/дайындық орталықтары желісін қалыптастыру аясындағы алғашқы кездесулердің бірі. Ол ҚФФ-ның алдағы бес жылға арналған стратегиясын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады. Жоба дарынды футболшыларды анықтау, дамыту және даярлаудың бірыңғай жүйесін құруға бағытталған.

Сапар бағдарламасы аясында ҚФФ өкілдері «Елімай» футбол клубының директоры Федор Симинидимен кездесті. Кездесуде «Елімай» ФК-ның жаңадан салынған академиясы мен клубтың жаңа ғимаратының инфрақұрылымымен танысып, жас футболшыларды даярлау және оқу-жаттығу процесінің ұйымдастырылуын бағалады. Сондай-ақ, ҚФФ мен академия арасындағы өзара ынтымақтастық перспективалары, оның ішінде қажетті талаптар мен критерийлер орындалған жағдайда «ҚФФ академиясы» мәртебесін беру мүмкіндігі талқыланды.

Бұдан бөлек, жергілікті спорт басқармасы өкілдерімен және өңірдің футбол қауымдастығымен жұмыс кездесулері өтті.

Сонымен қатар, ҚФФ өкілдері «Елімай» ФК академиясының жаттықтырушылар құрамымен, сондай-ақ Өскемен қаласындағы «Алтай» футбол орталығының өкілдерімен жиын өткізді. Мұнда 12-13 жасқа дейінгі жас футболшыларға арналған өңірлік дайындық орталықтарын дамытудың «Болашақ чемпиондары» жобасы ұсынылды.

Аталған жоба аясында 2026 жылы 2013-2014 жылы туған футболшыларға арналған алты өңірлік дайындық орталығын ашу жоспарланып отыр. Осы мақсатта алдағы айларда ҚФФ өкілдері өңірлерге жұмыс сапарын жалғастырып, әлеуетті клубтар, футбол орталықтары мен академияларды аралайды. Оның қорытындысымен базалық алаңдардың тізімі қалыптасып, өзара іс-қимыл моделі келісіліп, дайындық орталықтарын кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланған.

Семейдегі кездесулер оң әрі конструктивті жағдайда өтті. ҚФФ өкілдері басшылар мен мамандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, ҚФФ-ның 2025-2030 жылдарға арналған стратегиясын жүзеге асыру аясындағы бірлескен жұмыстың алдағы қадамын нақтылады.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары