Биыл ҚФФ ұйымдастыруымен өткен әлеуметтік және инклюзивті жобаларға 1000-нан астам адам қатысты
Былтыр ЦП Football және Blind Football бойынша ұлттық құрама халықаралық жарыстарға қатысып, Қазақстанның параспорттағы беделін күшейтті.
ЦП футболдан ұлттық құрама Ресейдің Сочи қаласындағы халықаралық «Стальная Воля» турнирінде және Blind Football құрамасы Үндістандағы Intercontinental Cup жарысында ел намысын қорғап, сәтті өнер көрсетті. Биыл бұл бағыт халықаралық деңгейдегі үш жарыспен толықты. Олар Ресейдегі Ашық Кубок, Дзержинскідегі турнир және Blind Football құрамасының Краков қаласындағы Еуропа чемпионатына қатысуы.
2025 жыл инклюзивті футболдың кәсібилену кезеңіне айналды. IFCPF-тің PRO деңгейіндегі жаттықтырушылар семинары, Blind Football бойынша кәсіби курстар және аудио-дескрипцияға арналған оқыту ұйымдастырылды. Бұл бағдарламалар инклюзивті спорттағы мамандар даярлығын жаңа деңгейге көтерді. Сондай -ақ Blind Football-дан ұлттық құрама Еуропа чемпионатының В дивизионында 3-орын алды. Бұл нәтиже біздің команданың жоғары А дивизионына өтуіне мүмкіндік берді.
Өткен жылы еліміздің тоғыз қаласында аутизм және Даун синдромы бар балаларға арналған UNI Football League секциялары іске қосылып, инклюзивті футболдың іргетасы қаланды. Биыл турнир географиясы кеңейіп, оған 100-ден астам бала қатысты. Бұл – ҚФФ мен «Болашақ» қорының бірлескен жобасы. Жобаның бас демеушісі – Freedom Shapagat қоры.
Әлеуметтік бағыттағы ірі жобалардың бірі – «ҚФФ Достық Кубогы». Бұл еліміздегі діни конфессияларды тоғыстырды. Оған қатысушы командалар саны артып, 200-ден астам адамды қамтыды.
Бұған қоса, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында 50+ санатындағы аға буын өкілдеріне арналған «Walking Football» жобасы көп қатысушы жинаған ірі турнир болды. Ол Астана, Алматы, Петропавл мен Көкшетау қалаларында ұйымдастырылды. Аталған турнирде тек жүріп ойнайды, жүгіруге тыйым салынады.
Босқындармен жұмыс жаңа әлеуметтік бағыт ретінде жолға қойылып, Алматы мен Шымкент қалаларында «Бейбітшілік ойындарының» төрт турнирі өтті. Сонымен қатар, босқындарға арналған жаттықтырушылық және төрешілік курстар ұйымдастырылды.
Жыл аяғында дәстүрлі «ҚФФ Достық Кубогы» және ЦП футболы бойынша оқу-жаттығу жиыны өтеді.
Биылғы жұмыс нәтижелері Қазақстан футбол федерациясының әлеуметтік және инклюзивті спортты дамытудағы тұрақты өсімін көрсетеді. Инклюзивті бағыттардың халықаралық деңгейге кеңеюі, босқындармен жұмыс істеудің жаңа әлеуметтік бағытының іске қосылуы, кәсіби оқыту бағдарламаларының пайда болуы ҚФФ-ның футбол арқылы қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жүйелі қызметін айқындайды. Федерация алдағы жылы да футболды инклюзия, әлеуметтік қолдау және қоғамның әлсіз топтарын қорғаудың маңызды құралы ретінде дамытуды жалғастырады.