Астанада Қазақстан футбол федерациясының кезекті XXIX Конференциясы өтті
Конференция жұмысына өңірлік федерациялардың өкілдері, ҚФФ мүшелері, ФИФА өкілі Марко Ферри мен УЕФА өкілі Йозеф Климент, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, сондай-ақ Ұлттық Олимпиада комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербек қатысты.
Жиынның күн тәртібінде ҚФФ Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, президенттің, Атқарушы комитеттің және Тексеру комиссиясының есебін бекіту, сондай-ақ федерацияның қаржылық есеп мәселелері қаралды.
ҚФФ президенті Марат Омаров қатысушыларға федерацияның 2025 жылы атқарған жұмысы туралы баяндап, осы кезеңде ел футболын дамытуда барлық негізгі бағытта ілгерілеу бар екенін атап өтті:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында Қазақстан футбол федерациясы 2025 жылы негізгі бағыттар бойынша айтарлықтай нәтижеге жетті. Биыл тартылған қаражат көлемі бойынша рекордтық көрсеткіш болды. Ұзақ мерзімді серіктестік келісімдерге қол қойылып, федерацияның кірісі екі есеге артты. Букмекерлерге тәуелділік жойылып, ірі қаржылық және технологиялық серіктестер тартылды.
Инфрақұрылымды дамытуда да маңызды жетістіктер бар. «Alan» жобасын оңтайландыру нәтижесінде жоспарланған жеті алаңның орнына тоғыз толық өлшемді футбол алаңы пайдалануға берілді. Ал «KFF Arena» бағдарламасымен елімізде тағы 20 алаң құрылысы жоспарланды. Қазақстан ФИФА-дан 100 футбол алаңын тегін алған әлемдегі жалғыз мемлекет болды. Қызылордада 11 мың көрерменге арналған заманауи стадион салынды, ол жаңа футбол инфрақұрылымының үлгісіне айналды.
TAV Group компаниясының қолдауымен Талғарда 150 тәрбиеленушіге арналған ұлттық академияның құрылысы аяқталады. Академия FIFA Talent Development Scheme аясында ФИФА таланттар академиясы мәртебесін алды. «Халық» қорымен Тараз қаласында академия салуға, құрылыс аяқталған соң ҚФФ меншігіне беру туралы меморандумға қол қойдық. Бұл өңірлік дайындық орталықтарының желісін кеңейтеді.
2025 жылдың маңызды бағыттарының бірі – футбол клубтарын жекешелендіру. Қазақстан – ТМД бойынша бір жылда бірден төрт клубты жекешелендірген бірінші мемлекет. Олар: «Шахтёр», «Қызылжар», «Жеңіс» және «Қайсар». Тағы жеті клубты қайта сату үшін алдын ала дайындық жұмыстары басталды. Процесті 2026 жылдың соңында аяқтау жоспарланған.
ҚФФ әлеуметтік бағыттағы ұйым ретіндегі рөлін күшейтті. Федерация футболды азаматтардың барлық санаты үшін қолжетімді етуге күш салды. 2025 жылы ҚФФ бұқаралық футболды рекордтық деңгейде дамытып, ел бойынша 1,1 млн-нан астам қатысушыны қамтыды.
Халықаралық аренада да елеулі жетістіктер бар. Қазақстанда 2027 жылы UEFA Конгресін, сондай-ақ футзалдан және жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионаттарын, 2028 жылы жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының финалын және 2028 немесе 2029 жылы УЕФА Конференция лигасының финалын қабылдауды жоспарлап отырмыз. 2025 жылы U-19 және U-17 құрамалары Еуропа чемпионатының элиталық іріктеу кезеңіне жолдама алды», деді М.Омаров.
Конференция қорытындысымен күн тәртібіндегі барлық мәселе бірауыздан мақұлданды.